26 қазан – Алкогольді пайдаланудан бас тартудың Ұлттық күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын әлемде алкогольдің әсерінен болатын аурулардан 3 миллионнан астам адам қайтыс болады. БҰҰ деректеріне сәйкес Қазақстан ішімдіктің салдарынан болатын өлім деңгейі ең жоғары елдер рейтингінде 10-шы орында тұр.

Адамгершілік қағидасына салсақ та, діни тұрғыдан келсек те, арақ-шарап атаулы туралы жақсы айтылмайды. Ішімдіктің адамның өзіне ғана емес, бүкіл ұрпағына да зиянын тигізіп, кесір келтіретіні, абыройдан айыратыны анық. Бұл ретте қоғамда алкогольді ішімдіктерден бас тарту құптарлық жағдай.

Ішімдікке салыну әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда адамды өлімге алып келетін және еңбекке жарамдылығынан айыратын себептердің бірі болып табылады.

Алкогольді пайдалану жанұяда, жұмыста проблемалы жағдайларды туындатып, қайғылы оқиғалардың, криминалдық тәртіптің, кісі өлтіру мен өз-өзіне қол жұмсаудың қаупін арттырады. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қасақана және қасақана емес дене жарақаттарын салудың 40-60 пайызы ішімдікті пайдаланумен байланысты. Барлық аурулардың 9 пайызға жуығы алкогольді пайдаланудан өршиді, ол бауыр циррозының, қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің, қан қысымының көтерілуі мен инсульттің, балаларда жүрек ақауларының қаупін арттырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде ішімдікті асыра пайдаланудың салдарынан жыл сайын 2,5 миллион адам көз жұмады. Мамандардың пайымынша, халық арасында алкоголизмнің етек жаюы бағамен, уақытпен және сатылым орнымен анықталатын — ішімдіктің қолжетімділігімен байланысты. Алкогольге қолжетімділік пен ішімдікке салыну деңгейінің арасындағы байланысты статистика растап отыр.