Бүгінде Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы қолданатын бес түрлі вакцина бар: ресейлік «Спутник V», қазақстандық QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының HayatVax пен Vero Сell екпелері және Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған Coronavac.

08.10.2021ж. жағдай бойынша 1 рет барлығы – 557 411 адам вакцинацияланды, оның 450 638-і вакцинаның екінші компонентін алды. Вакцина алғандар тарапынан денсаулығына теріс әсер беріп, шағым келтіргендер тіркелген жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған тағы бір вакцина жуырда облысымызға жеткізілмек. Ол Америка құрама штатының Pfizer вакцинасы.

Онымен халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстарына келетін болсақ:

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы №46 «ҚР халқы арасында короновирустық инфекция ауруларының алдын алу бойынша шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қаулысына сәйкес, вакцинациялауға жататын тұлғаларға:

  • 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдер;
  • жүктіліктің 16-дан 37-ші аптасына дейінгі жүкті әйелдер;
  • лактация кезеңіндегі әйелдер – босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін (42 күннен кейін) жатады.

Вакцинациялау кезеңі бойынша:

  • бастапқы кезеңде 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялау жүргізіледі;
  • келесі кезеңдерде басқа жастағы – 15, 14, 13 және 12 жастағы жасөспірімдер жүйелі түрде вакцинацияланады.

Жамбыл облысы бойынша, Pfizer вакцинасымен 139 230 тұлғаны вакцинациялау жоспарланған, оның ішінде 92 960 — (123 856 – 75%-ы) 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 20 020 — (27 630 – 75%-ы) жүкті әйелдер, 26 250 — (27 630 – 75%-ы) лактация кезіндегі әйелдер.

Вакцинаның 1 партиясын (дозаларын) жеткізудің алдын ала кестесіне сәйкес 23 400 доза жеткізілуі жоспарлануда.