Облыстық психикалық денсаулық орталығының бірінші санатты психиатр-нарколог дәрігер Әлиев Берік Серікұлы кеше автокөлік апатынан қайтыс болды.

Атырау облысының денсаулық сақтау саласы ауыр қайғыға ұшырады. Күні кеше ғана арамызда жүрген жаны жайсаң әріптесіміз, облыстық психикалық денсаулық орталығының бастапқы психикалық орталығының меңгеушісі, бірінші санатты психиатр-нарколог дәрігер Әлиев Берік Серікұлы кеше автокөлік апатынан қайтыс болды. Өзінің кезекті еңбек демалысында жүрген әріптесімізбен бірге аяулы анасы мен бауыр еті баласы да осы жол-көлік апатының құрбаны болды.

Берік Серікұлы 1973 жылы 8 ақпанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1997 жылы Ақтөбе мемлекеттiк медициналык институтын бітіріп, еңбек жолын Қаратөбе аудандық орталық ауруханасыда дәрігер психиатр-нарколог мамандығы бойынша бастады. Кейін Батыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығында дәрігер-психиатр лауазымы бойынша жалғастырды. 1999-2000 жылы ТМД елдерiнің сыртқы шекараларын қорғау мақсатында Тәжiк-Ауған шекарасында әскери борышын өтеді.

Берік Серікұлы 2007 жылы Батыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығында дәрігер-психиатр болып қызметін жалғастырды. Ал 2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығынің, Бастапқы психикалық денсаулық орталығының меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Берік Әлиев өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді абыройлы атқаруға, медициналық этика мен деонтология қағидаттарын басшылыққа алуға ерекше мән беретін білікті басшы еді. Қызметіне адал, сапалы орындайтын, ұжымда сыйлы әріптесіміз болды. “SENIM” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы Берік Серікұлының қайғысына ортақтаса отырып, марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Әріптесіміздің жарқын бейнесі біздің жадымызда ұзақ сақталады.

Иман байлығын берсін!

Жаны жәннатта болғай!

«SENIM” Денсаулық сақтау сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы