Менің бұл сайлауға қатысудағы басты мақсатым – еліміздің барлық салаларында еңбек ететін жұмысшылардың, оның ішінде, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен әл-ауқатын жақсарту.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың кәсіподақтардың XXVI Съезінің делегаттарына жолдаған жолдауында, “кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі” деп атап өтті.
Мемлекет басшысының саясатын қолдап, оны іске асыруды өзімнің мүмкіндіктерім шеңберінде азаматтық парызым деп қабылдап, қоғамға өз пайдамды тигізуді міндетім деп санаймын.
Осы бағытта сайлауалды бағдарламамда келесідей шаралардың орындалуын көздеп отырмын:
- Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты бастамалар мен міндеттемелердің орындалуына қоғамдық бақылауды жүргізу;
- Еңбек адамының, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау бағытында қоғамдық ұйымдардың атқарушы және өкілді органдарда, сот, басқа да мемлекеттік органдарда өкілдік ете отырып, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға ат салысу, әлеуметтік қолдауды күшейту;
- Қазақстан Республикасының Үкіметіне еңбек заңнамасына жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар еңгізуге ұсыныс беру, салалық және ұжымдық келісім шарттарда жылына 1 рет жұмыскерлердің денсаулығына профилактикалық тексеруді жұмыс беруші есебінен өткізуді міндеттеу;
- Денсаулықты сақтау жүйесінің дамуына, соның ішінде қоғамның осал топтары аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына әлеуметтік қолдауды және мүгедектерге медициналық оңалту шараларының орындалуына бағытталған шараларды күшейту;
- Қоғамдық ұйым шеңберінде сыбайлас жемқорлықпен күресу, осы бағытта медициналық ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларға қатысу және ұйымдастыру.
Құрметті сайлаушылар!
Жоғарыда көрсетілген сайлауалды бағдарламам мен үшін іске асыруға болатын уәде, сондықтан Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында олардың барлығын жүзеге асыруына үлес қосуға міндеттенемін.
Мен еңбек адамдарының құқықтарын қорғауға, Атырау облысы аумағында жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға және Мемлекет басшысы мен «Нұр Отан» партиясының бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған шаралдардың орындалуына үлес қосамын