Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Кәсіподақ ұйымдары еңбек жанжалдарын шешуге, еңбекшілердің құқықтарын қорғауға, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы басты медиатор болып отыр»-деп кәсіподақтар миллиондаған жұмысшы үшін еңбек жағдайы мен қауіпсіздікті жақсартып келетіндігін атап өткен болатын. Қазіргі таңда Алматы облысында мыңнан астам кәсіподақ ұйымы бар. Солардың бірі «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы АОФ еңбек заңнамасының сақталуын жүйелі түрде қадағалап отыр. «Гиппократ» антын қабылдаған мамандардың жетістіктері мен түрлі мәселелері ұйым назарынан тыс қалмақ емес. Осы ретте қоғамдық бірлестік төрағасы Айбол Исаевпен сұхбаттасқан едік.
-Кәсіподақтың атқарып жатқан жұмысына тоқталып өтсеңіз.
-Біз 2018 жылы маусым айында құрылып, жұмысымызды бастадық. Мақсатымыз — әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ету, еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту, медициналық қызметкерлердің мәртебесін арттыру. Негізгі міндетіміз — кәсіподақ мүшелерінің ар-намысын, іскерлік беделін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың біліктілігін арттыру, ең бастысы өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, еңбек етуге және демалысына барынша қолайлы жағдай жасау. Құрамымызда қаламыздағы және Қаратал,Ұйғыр аудандарынан 13 мекеме бар. Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды насихаттау, жастардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатында өмірлік қиын жағдайға түскен тұлғаларға арналған уақытша бейімдеу орталығында тұратын азаматтарға демеушілердің көмегімен Наурыз мерекесін өткіздік. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларымен де жиі айналысамыз. Медицина қызметкерлеріне екі рет спартакиада өткіздік. Тәуелсіздік күні қарсаңында ерлер арасында волейболдан турнир ұйымдастырдық. Шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, үздік спортшыларды анықтап, жастарға үлгі ету. Ерлер арасындағы турнирге облыстық аурухана, туберкулезге қарсы диспансер, онкологиялық диспансер, кардиологиялық орталық, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы, жедел-жәрдем станциясы, қалалық емхана мен №2 емхана, Ескелді аудандық орталық ауруханасы, Қаратал аудандық орталық ауруханасы, сот медициналық сараптама орталығы, Талдықорған медициналық колледжінің командалары қатысып, өзара бақ сынады. Талдықорған медициналық колледжінде өткен екі күндік жарыс қорытындысына сәйкес 1 орынды Талдықорған қалалық №2 емханасы, 2 орынды Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы, 3 орынды Қаратал аудандық орталық ауруханасы иеленді. Сонымен қатар А.Нұржанов «Үздік ұйымдастырушы», І.Жұманов «Үздік қорғаушы», Т.Өтемұратов «Үздік ойыншы», А.Медеуханов пен Ш.Хабибулаев «Үздік шабуылдаушы», М.Әзімханов «Үздік қорғаушы» аталымдары бойынша марапатталған болатын. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек»-деп атап өткен болатын. Осы орайда мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.
-Жақында Қызылорда қаласында республикалық форум өтті. Жерлестеріміз жақсы нәтижемен оралды. Марапаттарыңыз құтты болсын!
-Рақмет! 2018 жылы қыркүйек айында Меркеде ауқымды форум өткен болатын. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасын тапты. Қызылорда қаласында денсаулық сақтау саласының оңтүстік өңірлік «Мәңгілік ел – салауатты ұрпақ» атты жастар форумы өтті. Өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова қатысты. Аталмыш форумға Алматы облысы, Алматы қаласы, Жамбыл облысы, Шымкент қаласы, Қызылорда облыстарынан медицина саласында еңбек етіп жүрген 150 жас маман келіп, біліктіліктерін арттырды. Біздің облыстан 20 делегат барып, бірқатары марапатқа ие болды. Ұйғыр ауданына «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан дәрігер Сайяра Асанова, Қаратал орталық аудандық ауруханасының хирург дәрігері Арман Абдильданов, Облыстық онкология диспансерінің «Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімінің» басшысы Дархан Атанаев, Облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігер кардиореаниматологы Нұрдәулет Бөріқұлов 500 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ, Қаратал ауданы Көпбірлік ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Әсем Құдайбергеноваға ноутбук табысталды. Кәсіби мамандармен қатар Талдықорған жоғары медициналық колледжінің білімгерлері атсалысып, концерттік бағдарлама ұсынды. Нәтижесінде жүлделі 2 орынға ие болдық. Осы орайда колледж директоры Серік Жансеңгіровке, ұйымдастыру шараларын жүргізген Бақтияр Уәлиханұлына, белсене атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін.
—Ағымдағы жылы қандай шаралар өткізу жоспарлануда?
-12 мамыр — орта медицина мамандары күні, маусым айындағы медицина қызметкерлерінің төл мерекесі, кәсіподақ күні, балалар күніне орай бірқатар шараларды жоспарлап отырмыз. Өзім дәрігер-терапевт болғандықтан бұған немқұрайлы қарай алмаймын. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің балаларына арнап жазғы лагерь ұйымдастырсақ деп отырмыз. Курорттық-санаторлық демалыс орындарына жіберу бойынша еліміздегі 8 шипажаймен келісімшартқа отырдық. Оның ішінде өзіміздің өңірмен қатар Оңтүстік Қазақстан және Көкшетау, Жаңақорған аймағы да бар. Жоспарымыз көп. Көрікті орындарға экскурсия, Алакөлге демалыс сынды шаралар да бар. Ең жағымды жаңалықтың бірі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес баспаналы болу мәселесі назардан тыс қалмақ емес. Осы бағытта біз де үлес қосып, шамамызға қарай бастапқы жарна төлеуге көмек көрсетеміз. Бүгінгі таңда құрамымызда 3298 адам бар. Аз да, көп те көрсеткіш емес. Бұл нәтижеге 100 пайыз қол жеткізген облыстар бар. Біз де бұл белеске жетеміз деп сенемін. Кәсіподақтың құрылғанына көп уақыт болмаса да, атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Сондықтан барша медицина мекемелерін қатарға қосылуға шақырамын.
Дереккөз: http://taldykorgan-online.kz/?p=12656