Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек.
Медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінеді:
- «Жедел жәрдем» мамандары тәуліктің кез келген мезетінде, кез келген қашықтықтағы науқасқа бастапқы диагнозды қойып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, ауруханаға жеткізеді. Тез кәсіби жәрдем көрсетудің арқасында әл үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалады.
- Дәрігер-терапевт науқастың талдамаларын алып, оған дұрыс диагноз қойып, оны толық емдеумен айналысады. Науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданады.
- Дәрігер-хирург бас дәрігердің шешімі бойынша науқастарға түрлі дәрежедегі оталар жасап, әрі қарай да бақылап, қажетті ем қолданып, олардың толық сауығып кетуін қамтамасыз етеді. Шұғыл ота жасап, науқас өмірін аман алып қалу керек болғанда, дамыл таппай, күн-түн демей, жұмыс істейтін сәттер көп болады. Сондықтан хирургтің өзінің физикалық жағдайы осыған сәйкес болуы тиіс.
- Фармацевт-провизор дәрілік препараттардың құрамын, қолданылуын терең біледі. Дәріханаға ауырып, өз бетімен келетін жандар көп. Соларға керекті дәрілерді алуға кеңес береді. Сондай-ақ дәріхананы алуан түрлі дәрі мен құралдармен жабдықтайды. Бірнеше дәріні қосып, рецепт бойынша дәрілер әзірлейді.
Дәрігер деген – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік шың. Жалпы медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды.
Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан төрдегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз екендігіне ешқандай шүбә жоқ.
Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын ақ желеңді абзал жандар. Олар денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленген мейірімді жандар. Шынында дәрігер болу – үлкен мәртебе. Мамандықтың бәрі жақсы, дегенмен дәрігер мамандағының қиын болса да, абыройлы да, қастерлі жақтары көп екендігін ескерген жөн.
«SENIM»Денсаулық сақтау жүйесі
жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ
Жамбыл облыстық филиалының төраға орынбасары
Гүлмайра Момбекова