Медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкер – мейірбике екенін бәріміз де білеміз. Иә, емнің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген ем-домды сауатты да, қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Алайда, бүгінде денсаулық сақтау саласындағы ең басым мамандық иелерінің еңбегі туралы айтылар сөз көп. Дәрігер мен медбикенің әрқайсысының өз саласы, өз қызметі бар дегенмен, түптеп келгенде, арбаның алдыңғы қос дөңгелегі сияқты, екеуі бірігіп бір бағытта жұмыс жасайды. Дәрігер — басшылық жасаса, мейірбике — орындайды. Дегенмен, бүгінде білікті де білімді мейірбикелер аз емес. Дәрігерлерден артық білмесе де, кем білмейтін жандар аз емес. «Арқалағандары алтын, жегендері жантақ» болып жүрген мейірбикелердің мәртебесі жоғары болуы тиіс. Кеңес Одағынан қалған ұғым, медбике – орта буын маман, дәрігердің «барып кел, шауып кел», орындаушысы деп түсінеді. Егер бүгінде Қазақстанда 138610 орта буын медицина қызметкері болса, соның 97060-і мейірбике, қалғандары акушер, лаборант, т.б. екен. Ал, Жамбыл облысында бүгінде мемлекеттік және жеке мекемелерде 12095 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұл деген сөз — осыншама медбике – халықтың денсаулығын нығайтып, оларға қолжетімді, әрі тиімді медициналық көмек беруде бағалы ресурс болып отыр деген сөз. Олай дейтініміз, медбике өз уақытының 70 пайызын науқаспен өткізеді. Оларға науқасты күту мен емдеудегі негізгі міндеттер жүктеледі. Сондықтан бұл мамандыққа деген көзқарас та ерекше болуы тиіс. Әрине, бүгінгі таңда карантиндік шараларға орай, инфекциялық блоктарда жұмыс істейтіндерге тиісті үстемақылары беріліп, айлық-жалақылары біраз көтерілді. Жаңа жылдан бастап басқа да көтерме мүмкіндіктер қарастырылды. Алдағы жылдармен салыстырғанда, жағдайлары біршама жақсарып келеді. Яғни, мейірбикелер мәртебесі де көтеріліп келеді. Дегенмен, әлі де болса, дәрігерден кейінгі буын болып саналатын осы мамандық иелеріне әлі де қолдау көрсету керек. Медицина социологиясының беделді өкілі А.В.Решетников «дәрігердің әлеуметтік мәртебесі еңбек ақысы, мамандықтың мәртебесі, өзін-өзі шыңдау сияқты критерийлерге байланысты» дейді. Мейірбикелердің де мәртебесі осыдан келіп туындауы тиіс. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысының маңызды детерминанты. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы олардың құқығын қорғауға мән беру керек.
«SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлері салалық кәсіптік одағы РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова