Мамандығым — мақтанышым

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер — адам анатомиясын өте терең білумен қатар, оны емдеуді жетік меңгерген, кез келген жағдайдағы науқастан қашпайтын, аурудан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Бүгінде осы мамандықтың мәртебесін пандемия айқындап бергендей. Басшыдан ­бастап қосшыға дейін дәрігердің қоғамдағы рөлі қандай екенін жете түсінді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында бұған ерекше тоқталып өтті. Бұрын ауылда жолдың үстімен дәрігер келе жатса, оның ал­дын ешкім кесіп өтпейтін еді. Мұғалім мен дәрігердің абырой-беделі зор болатын. Бүгінде ауруды өзі дер кезінде дәрігерге келмей асқындырып алып, уақыт созып жібергенімен қоймай, кеш болғандықтан емдеу ұзаққа және қиынға түсіп кеткендіктен дәрменсіздік танытатын ақ халаттыны сотқа беріп, ел алдында масқарасын шығарып, беделін төмендетін сөздер айтушылар қатары көбейіп кетті. Осыны қарап отырып, бұл мамандықты таңдауышылар қатары азайып кетпесе болды деген де ой келеді. Сондықтан, мен бүгін өздеріңізге бірқатар мамандық иелерінің атқаратын қызметтерін айта кетпекшімін.

Жалпы, медицина қызметкерлерінің бірнеше түрі бар. Осылардың ішінде ең көп,әрі оперативті қызмет жасайтыны — «Жедел жәрдем» мамандары. Олар — тәуліктің кез келген мезетінде, кез келген қашықтықтағы науқасқа бастапқы диагнозды қойып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, ауруханаға жеткізетін жандар. Тез кәсіби жәрдем көрсетудің арқасында әл үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалады. Қандай жағдайда болсын, адамға алғашқы көмек жедел жәрдем арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ, науқастың талдамаларын алып, оған дұрыс диагноз қойып, оны толық емдеумен айналысатын дәрігер-терапевтің де жүмысының оңай еместігін айтпай кете алмаспыз. Науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданып, пациенттің тезірек айығып кетуіне барынша ықпал жасайтын терапевт жұмысын ,көбіне, бағаламай жатамыз.

Шұғыл және жедел түрде жарақат алғанда немесе күрделі түрлі жағдайларда науқастарға әр дәрежедегі оталар жасап, әрі қарай да бақылап, қажетті ем қолданып, олардың толық сауығып кетуін қамтамасыз ететін бірден-бір маман кім десек — ол, әрине, дәрігер-хирург. Шұғыл ота жасап, науқас өмірін аман алып қалу керек болғанда, дамыл таппай, күн-түн демей, жұмыс істейтін сәттерІ көп жандар — солар. Сондықтан хирургтің өзінің физикалық жағдайы осыған сәйкес болуы тиіс, яғни қандай жағдайда ол жұмысқа дайын жан болуы керек. Ал, дәрілік препараттардың құрамын, қолданылуын терең білетін бір маман болса, ол тек фармацевт-провизор ғана бола алады. Дәріханаға ауырып, өз бетімен келетін жандар көп. Соларға керекті дәрілерді алуға кеңес беретін, тіпті кейбір кездері ұсыныс айтып, дәрілік тағайындаулар жасап жіберетін фармацевтердің орны қашан да ерекше. Бірнеше дәріні қосып, рецепт бойынша дәрілер әзірлейтіндер де солар.

Бүгінде «Жалпы тәжірибе дәрігері» деп аталатын мамандық иелері жұмыс істеуде. Емдеу мекемелеріндегі олардың қызметі пациент үшін басты орында. Себебі, науқас, алдымен, осы дәрігердің алдынан өтеді. Жақсы маман келген адамды түрлі жолдамалармен алысқа шабылтпай-ақ, жалпылама өзі-ақ қарап, жеңіл түрдегі дерт түрлерін анықтап, емдеумен айналыса береді.

Жалпы, медицинадағы барлық мамандық жақсы. Бәрі де бір іспен айналысушы, яғни адам өмірін сақтау мен қорғау ісіндегі сақшылар болғанымен, кейде дәрігерлер қызметіне наразы жандар кездесіп жатады. Сол себепті осы мамандықты таңдау алдында әбден ойланған жөн. Әрине, мамандықтың бәрі жақсы. Дегенмен, адам өміріне арашашы, адам жанының құтқарушысы — дәрігерлердің мәртебесі мен дәрежесі қашан да жоғары болуы тиіс.

SENIM Денсаулық сақтау жұмыскерлері салалық кәсіптік одағы РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Гүлмайра Момбекова