«НҰР СЕБЕЛЕ, ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ»

«Senім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалы қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының жыл басы – Наурыз мейрамына орай ұйымдастырған мерекелік шарасы осылай аталды.

Қала мейрамханаларының бірінде өткен бұл шараға денсаулық сақтау саласының ардагерлері, кәсіподақ қозғалысының белсенділері, бастауыш ұйымдар жетекшілері шақырылды. Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын қарсы алуға келген қонақтарды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев пен «Senім» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы төрағасы Майра Кашкенова құттықтап, «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген ақжарма тілектерін жеткізді

Мұнан соң сала ардагерлері Меңдіхан Өтепқалиев, Басаролла Харасов, Майя Тілесова, Мейрам Төлешов, емдеу-сауықтыру мекемелері басшылары Қуаныш Нұрмұханов, Нұрқабыл Айтмұхамбетов, Ербол Иманғалиев, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары Айбек Ғабдуллин, Гүлзинеп Дүсіпова және басқалар құттықтау тілектерін жолдады. Халық денсаулығын қорғауда кәсіби шеберліктерімен, адал да абыройлы қызметтерімен көп құрметіне бөленген ақ халатты абзал жандардың еңбектері қай уақытта да сатусыз. Ұлыстың ұлы күнінде кәсіподақтар атынан оларға арнайы дайындалған мерекелік сый-сияпат – тұрмыстық техника дүкенінен сертификаттар табысталды.

Шара қонақтарына өнер иелері әуезді әсем әндері мен күмбірлеген күйлерін, мың бұралған билерін тарту етті. Ал, ардагерлер «Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын» десіп, өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, арқа-жарқа көңілмен, болашаққа деген зор сеніммен тарқасты.