БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ ЖАСАДЫ.

Әр ата-ана бауыр еті-баласының дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді. Ал балалардың өмірге ерекше болып келуі кім-кімге де ауыр соққы. Баласы қандай күйге душар болса да жүрегі езіліп тұратын қайран ана жүрегі-ай дейсің мұндайда. Қамкөңіл жандар қашан да жүрегін жылытатын жұбаныш іздейді. Бүгінде аса күтімді қажет ететін,ерекше балалардың қатары азаяр емес.

Бүгін Кәсіподақтар үйінде «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Атырау облысы филиалы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің мүмкіндігі шектеулі он алты жасқа дейінгі балалары үшін тосын сый жасады. Облыстық филиал төрағасы Кашкенова Майра Тұрланқызы өз сөзінде Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Балалар жылы» аясында ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін арнайы шара ұйымдастырып отырғанын жеткізді.

Он бір мыңдай кәсіподақ мүшесін біріктіретін салалық кәсіподақ бірлестігі бастауыш ұйымдардың келісімімен қала мен өңір аудандарында медицина саласында еңбек ете жүріп, мүгедекерекше бала бағатын 23 ата-ананың әрқайсысына материалдық көмек ретінде 100 мың теңгенің сертификаты және тәтті салған корзиналарды табыс етті. Ал, балалар осы шараға арнайы шақыртылған сүйікті мультфильмдер кейіпкерлерінің костюмдерін киген аниматорлар өнеріне мәз-мейрам болды. Олардың өздері де бұған қатысып, өнерлерін көрсетті.

Осында келген ата-аналар бір-бірімен әңгімелесіп, шер тарқатты. Кез-келген бала, соның ішінде аса күтімді қажет ететін бала да қоғам мен адамның көмегіне, қамқорлыққа қашан да зәру екендігін аңғардық.