ТАРТЫСҚА ТОЛЫ БӘСЕКЕЛЕР

«Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының мәдени-көпшілік шаралар жоспарына сәйкес, 19 маусым – Медицина қызметкерлері күніне орай «Жаңа Қазақстанға – жаңа қадам» атты ақ халатты абзал жандар арасында спартакиада басталды. Оған аймақтың бірқатар аудандық, қалалық және облыстық емдеу-сауықтыру мекемелерінен барлығы 28 команда қатысуда.

«Дәстүрлі жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – халыққа салауатты өмір салтын насихаттау және спорттың бұқаралық сипат алуына кең жол ашу» — дейді «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова.

Жарыс бағдарламасы бойынша ерлер арасында кіші аяқ доп, ерлер мен әйелдерден жасақталған волейбол командаларының сайыстары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Жайық спорт кешенінде өтіп жатыр. Ойындар тартысқа толы өрбуде. Үшінші жүлдені сарапқа салған волейболшылар бәсекесінде Қызылқоға ауданының командасы №5 Атырау қалалық емханасынан жасақталған әріптестерін жеңіп кетті. Ал, ақтық сайыста сынға түскен Атырау қалалық №7 емхана ұжымының волейболшы қыз-жігіттері Құрманғазы ауданының командасын ұтып, спартакиада чемпионы атанды.

Жарыс барысында қазылар алқасының шешімімен Рафаэль Нәубетов, Айкөркем Қабдолмажитова, Нәдир Усманов сынды кәсіподақ мүшелері тиісінше «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ойыншы» аталымдары бойынша арнайы жүлделерді қанжығалады.

Спартакиада алдағы сенбі-жексенбі күндері денсаулық сақшыларының кіші аяқ доп сайыстарымен жалғаспақ.