“Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” акциясы аясында “Бақытты отбасы-бақытты мемлекет” тақырыбында дөңгелек үстел өтті

“Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” акциясы аясында 2 желтоқсан күні Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығы мен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен “Бақытты отбасы-бақытты мемлекет” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты: Зорлық-зомбылыққа қатысты мәселеде сезімталдықты қалыптастыру, зорлыққа қарсы тұру қабілетіне үйрету, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша шараларды бұқара халыққа жеткізу, аталған проблемаларға қоғамның назарын аудару.

Дөңгелек үстел спикерлері: Халықарық Медиация орталығының медиаторы «Әйел.Қоғам.Болашақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Шатикова Зауреш Ахметқызы мен БҚО ПД ЖПҚБ құқық бұзушылықтар профилактикасын ұйымдастыру бөлімі ішкі істер органдарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы, полиция майоры Диляра Сатарова болды.

Шараны БҚО “Кәсіподақтар орталығының” төрайымы Есекенова Айгүл Оразқызы ашып, еліміздегі зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар мен зардап шеккендер саны жөніндегі статистикамен және тақырыпқа қатысты қосымша ақпараттармен бөлісті.

Зауреш Ахметқызы, өз кезегінде, тұрмыстық шиеленістер мен отбасылық жанжал, жұмыс орнындағы конфликтілерді шешудегі медиацияның атқаратын көмегі жөнінде сөз қозғады. Қай жағдайларда полиция қызметіне жүгіну қажет, қандай кезде медиатор көмегі керек екенін түсіндірді.

Диляра Сатарова өз инспекциясының қызметі мен оған жүгіну жолдарын айтты. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері мен өз тәжірибесіндегі отбасыларда орын алған қылмыстық істерді әңгімеледі.

Сонымен қатар, шараға «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Кусаинов Махамбет қатысып, аталған тақырып бойынша өз пікірін білдірді. Жұмыс орындарындағы қысым, психологиялық шиеленіс ахуалын тудырмас үшін кәсіби психологпен жүйелі түрде жұмыс жасаудың маңызы жөнінде айтты.

Дөңгелек үстел қонағы ретінде БҚО дағдарыс орталығының заңгері Даулетьярова Мариэтта Тархановна қатысып, отбасы орталығының жұмысы, дағдарыс орталығының көрсететін көмегі, харассмент, отбасындағы абьюз белгілері мен арнаулы көмек көрсету мекемелеріне жүгіну жолдарымен таныстырды.

Дөңгелек үстелге медицина саласының қызметкерлері, бастауыш кәсіподақтар төрайымдары, мамандары мен кәсіби психологтар қатысып, өз практикасында болған жағдайлар мен шешу және алдын-алу жолдарын түсіндірді.

Шараны қорытындылай келе, Есекенова Айгүл Оразқызы зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерге көмек көрсету мақсатында кәсіподақ тарапынан арнаулы мекемелердің жұмысы мен қызметін бұқара халыққа жеткізу шараларының аясын кеңейту жөнінде облыстық ішкі саясат бөліміне ұсыныс білдіретінін жеткізді.

Шара соңында дөңгелек үстелге қатысушыларға кәсіби психологтар интенсив өткізіп жақсы көңіл-күй сыйлады.