АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Табиғаттың ең қымбат жемісі дені сау адам болып табылады. Адам өміріндегі ең маңызды құндылық – денсаулық. Әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты және денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек.

Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керектігі, дені сау адамның көңіл — күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кірісетіндігі де баршаға аян нәрсе.

Мемлекет басшысының бүгінгі халыққа Жолдауында еліміздегі денсаулық сақтау саласын өрге бастырудың нақты жолдары баяндалып, алда тұрған міндеттері де белгіленді. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн», — деп атап өтті Президент Қ.Тоқаев.

Жолдауда айтылғандай, алдағы екі жылда елімізде 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынбақшы. Осылайша, мемлекет миллиондаған азаматқа медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін болып отыр.

Мемлекет басшысының дерегінше, ұлттық жоба аясында аудандық 32 аурухана жаңартылып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.«Оларда инсульт орталығы, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімшелері пайда болады. Бұл төрт миллионнан астам азамат үшін медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар телемедицина дамытылып, шалғай аудандардың тұрғындарының білікті көмек алуына жол ашылады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдіру, медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашу, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейту, елімізде ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеру қажеттігі туралы айтылған тұжырымдар көпшілік көңілінен шығуда.

Салалық кәсіподақтың бастауыш ұйым жетекшілерімен өткен бас қосуда осы мәселелерді ұжымдастарға түсіндіру қажеттігін тілге тиек болды.

Майра КАШКЕНОВА, «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы