“SENIM» Жамбыл облыстық филиалының төрайымы денсаулық сақтау саласының ардагерлерін келе жатқан жаңа жылдарымен құттықтады

Бүгін “SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Момбекова Гүлмайра Асанқызы облыстық денсаулық сақтау саласының ардагерлерін келе жатқан жаңа жылдарымен құттықтады.

Құттықтау жиыны ақ дастарқан басындағы отырыс ретінде еркін түрде, көтеріңкі көңіл-күйдегі әңгіме, пікір алмасу, талқылаулар мен әдемі әуендерді тыңдау бағытында өтті. Қиын кезеңде ел денсаулығын арттыру жолында барын салған, жауапты мамандықтың үдесінен шыға білген, күн-түн еңбек етіп, өмірлерінің жартысынан көбін медицинаға арнаған ардагер-дәрігерлерді кәсіподақ басшысы келе жатқан Жаңа жылдарымен құттықтауды оларға сыйлықтар жасаудан бастады.

“SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалына қарасты —— ардагерлер барынша марапат пен қамқорлықтан тыс қалған емес. Денсаулықтарын нығайту үшін шипажайларға бару, жақсы емдеу орындарында медициналық тексерілулерден өтіп тұру — қашан да алғашқы орында көрсетілетін қызметтер.

“Дегенмен, қай кезде болмасын, ардагерлердің жағдайын жасау, тиісті көмектерден аянбау — біздің басты міндетіміз. Біз Сіздерді қүрметтейміз, әрдайым назарда ұстаймыз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілей отырып, ұлт саулығын арттыру мен сақтау ісіндегі еткен ерен еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз”,- деп, Г. Момбекова кездесуге жиналғандарға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, сала ардагері Ораз Досқұлов пен Сағындық Ордабеков, Сейітхан Жұмашевтер жұмыс барысындағы кедергілер мен қызықтар, қиын да күрделі өмір жолдарынан естеліктермен бөлісті. Бүгінгі жаңа заман талабы мен денсаулық ісіндегі соны жаңалықтар мен өзгерістерді айтып, олардың халық денсаулығын сақтау бағытындағы жолы мен роліне салыстырулар жасап, кеңінен әңгіме өрбітті. Өз кезегінде, сондай-ақ, ардагерлер өздеріне жасап отырған қамқорлық пен қолдауға ризашылықтарын білдіріп, бата берді.