Медицина қызметкерлерінің жұмысы қашан да ауыр қауіп-қатерлермен байланысты.

Кейде кәсіби қателіктерден өздері де көп зардап шегеді. Себебі заман ағымына сай адамдар өздерінің құқықтарын жоғары қоятын болды. Талап жоғарылаған сайын ізденістің өрісі де кеңейе түседі. Сол себепті медициналық қызмет көрсету сапасына деген сұраныс та артты. Мысалы, аллергиялық реакциялардың жиі кездесетін жағдайларында оларды бірден анықтау қиын. Басқа да осындай ауру белгілерінің ерекшелігі – дұрыс диагнозды өзгертеді немесе ғылыми жаңалықтарға байланысты медицинада кейде хаттамалар өзгеріп отыратындықтан, ем түрлері де жаңаланып кетеді.

Өкінішке орай, бүгінде халық дәрігерлердің жұмысын жиі бағаламайды және ең алдымен, ақ халатты адамдарды өз қиындықтарына кінәлайды. Барлық жазатайым оқиғалардың түп тамыры қарапайым жауапсыздықтан және аурулардың алдын алу мәселелері бойынша хабардарлықтың төмендігі болып отырған асқынған жағдайлар фактілерінен екенін ескермейді. Ауруы асқынып, жанын жеген дерт әсерінен қиналған пациентке уақыт өткізіп жібергенін қанша айтқанымен, тыңдамаған, жүре беріп, енді емдеу қиынға түсіп, қолдан келер дәрмен жоқтығынан не істерін білмей тұрған дәрігерді кінәлай жөнелеміз. Міне, осындай қиындықтардан соң, көбіне, біздің жақсы мамандарымыз жұмысын тастап, басқа кәсіпке кетіп жатады. Сондықтан, дәрігерлер мәртебесін арттыру деген мәселені қайта көтеретін уақыт жеткен секілді. Ме­ди­­цина социологиясының беделді өкілі А.В.Решетников «дәрігердің әлеуметтік мәртебесі еңбек ақысы, мамандықтың мәртебесі, өзін-өзі шыңдау сияқты критерийлерге байланысты» дейді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысының маңызды детерминанты. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы абзал жандардың құқығын қорғау маңызды болып отыр.

SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы
Момбекова Гүлмайра Асанқызы