НАУРЫЗДАҒЫ КӨТЕРІҢКІ КӨҢІЛ

Кеше «SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің, кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің қатысуымен арнайы мерекелік шара ұйымдастырды.

Мерекелік дастархан басынан жиналған әріптестерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев Наурыз мейрамымен құттықтап, игі тілектерін жолдады. Кәсіподақ жұмысындағы белсенді қызметі үшін үздіктерге марапаттар табысталды. Облыстық аурухананың дәрігер анестезиолог реаниматологы Әбдіғали Рашадин, облыстық ЖИТС орталығының бас есепшісі Нұрбигүл Хайруллина ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ үздігі» төсбелгісімен, Мақат аудандық ауруханасының тазалықшысы Сабила Рахимова мен облыстық балалар ауруханасының мейірбикесі Тілекші Ермұқашева Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ белсенділер федерация мен бірлестіктің және филиалдың атынан Алғыс хаттарға ие болды

Шарада «SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы төрағасы Майра Кашкенова атқару комитетінің шешімімен отбасы жағдайы аз қамтылған 21 кәсіподақ мүшесіне 100 мың теңгеден бір жолғы әлеуметтік қолдау көмегін көрсетті. Сонымен қатар, емдеу мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары ұсынған 35 (отыз бес) кәсіподақ мүшесіне азық-түлік сатып алу үшін 25 мың теңгеден бөлінді.

Денсаулық сақтау саласы ардагерлері атынан Түркбенбай Нұржігітұлы, Ғазиз Қаламұлы, Басаролла Харасұлы және басқалар сөйлеп, әріптестерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, барлық жақсылықтар тіледі. Олар осындай көңілді де әсерлі кездесу ұйымдастырған кәсіподақ көшбасшы Майра Тұрланқызына ризашылықтарын білдірді.

Қар еріп, жер жүзі көктеп, көгеріп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасаратын шақта жүздескен сала ардагерлері бір бірімен осылайша қауышып, ән-жыр тыңдады.

Олар «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын» десіп, өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, ақ көңіл, адал жүрекпен құшақтарын айқастырып, арқа-жарқа көңілмен тарқасты.