Құрметті жас достар, балақайлар, мектеп оқушылары!

Сіздерді ең қуанышты, жарқын, жазғы мереке-Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын!

Балалар-біздің алдағы уақыттағы үмітіміз, біздің болашағымыз. Балаларды сүйіспеншілікпен қамқолыққа алудың біз үшін маңыздылығы зор. Бүгінгі өскелең ұрпақтың бақытты, қоғамға пайдалы, ақылды болып өсуі мен дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау — еліміздің әрбір ересек азаматының борышы.

Құрметті ата-аналар, әжелер, аталар, өз өмірлерін балалармен жұмыс істеуге арнаған адамдар! Сіздерге және балаларыңызға шын жүректен бейбітшілік, жақсылық, амандық, бақыт пен қуаныш тілеймін. Балаларымызды қорғап, сүйе білейік! Бала риза болып көздері бақыттан бал-бұл жанса, біздің бақытымыз сол емес пе!

Балалар аман болсын!

Қай халықтың болмасын елдігін, салт-дәстүрін, ата-мекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпағы. Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат қазына жоқ. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді. Балаға тәрбие беретін ең алдымен оның ата-анасы болса, екінші, тәрбиемен қоса білім беретін балабақша, мектеп және оның өскен ортасы.

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын.

Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел болуы рухы асқақ, өресі биік білімді де талантты ұрпақ қолында. Кішкентай да болса, үлкеннің назарын өзіне аударған балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне бөлене берейік.

Жас өрендер мен балдырғандарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтай отырып, болашақтарыз жарқын, аспандарыңыз ашық, елімізді өркендетер, келешектің кемеңгері болыңыздар демекпін.
Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін.

Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімізді білдіремін!