СПАРТАКИАДА МЫҚТЫЛАРДЫ АНЫҚТАДЫ

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жайық» спорт кешенінде денсаулық сақшыларының кәсіби мерекесіне орай «Салауатты өмір салты – жарқын болашақ» атты медицина қызметкерлерінің дәстүрлі спартакиадасы мәреге жетті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен спартакиадаға емдеу-сақтыру мекемелерінен жасақтаған 26 команда қатысып, мықтыларды анықтады.

Екі күндік тартысқа толы қызықты бәселерлер нәтижесінде қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан бірінші орынды №1 қалалық емханадан Гаухар Құдайбергенова, ІІ және ІІІ орындарды құрманғазылық Мейрамгүл Шайхиева мен №5 қалалық емхана қызметкері Гүлдана Ермекова бөлісті.

Шаршы тақтадағы шахмат сайысында облыстық қан орталығынан Самат Жолдыбаевқа тең келер әріптес болмады. Ал облыстық тері-венерологиялық диспансерінен Айдос Тауасаров пен Құрманғазы аудандық ауруханасының қызметкері Нұргүл Хамитова жүлделі екінші, үшінші орындарды қанағат тұтты.

Дәстүрге айналған бұл спартакиаданың командалық ойындарында үстел теннисінен әйелдер арасында перинаталдық орталығы, №4 қалалық емхана және қалалық перзентхана, ал ерлер арасында Құрманғазы,офтальмология ауруханасы және онкологиялық диспансерінің командалары жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жасыл алаңда өткен кіші аяқ допшылар бәсекесінде ақтық сында Құрманғазы аудандық ауруханасы мен №5 қалалық емхана командалары кездесті. Тартысты ойында қарсыластарын 6:2 есебімен жеңген құрманғазылықтар чемпион атанды. «Жедел жәрдем» командасын 4:2 есебімен тізе бүктірген Мақат аудандық ауруханасы командасы үшінші орынға көтерілді. Волейболшылар сайысында №7 қалалық емхана командасы жеңімпаз атанды.

Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ақшалай сыйлықтарымен және дипломдарымен марапатталады.

Жарысты ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл спорт мерекесі емдеу-сауықтыру мекемелері қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты, бірлік пен татулықты, достық пен өзара сыйластықты әрі қарай дамытып, кеңейтуге, спорттың бұқаралық сипат алуына едәуір ықпал етпекші.