БЕРСЕҢ БАЛАҒА БЕР…

Кәсіподақтар үйінде «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен 1 маусым – Балаларды қорғау күні орай мерекелік шара өтті. Осынау жылдағы дәстүрлі мерекелік салтанатқа денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлері арасында көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларының балалары мен ата-аналары, кәсіподақтар белсенділері шақырылды.

Шарада «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова құттықтау сөз сөйледі. Өткен тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді. Біріккен Ұлттар ұйымы аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.

«Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілейміз» деген тілегін жеткізген салалық кәсіподақ жетекшісі облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінде мейірбике, тазалықшы, жүргізуші болып еңбек етіп, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған 15 ата-анаға салалық кәсіподақтың атынан әрқайсысына 100 мың теңгенің, ал, облыстық аурухананың бастауыш кәсіподағы ұйымының төрағасы Нұрлан Дәулетбаев 4 кәсіподақ мүшесіне 50 мың теңгенің сертификаттарын табыс етіп, балалар мен әріптестерін бір қуантып тастады.

Кеш қонақтары Тыныш Жақупова жетекшілік еретін «Өмір гүлі» шығармашылық орталығы өнерпаздарының орындауындағы әсем әндерді тыңдап, риза көңілде тарқасты.