Кәсіподақ тынысы СЕНІМ ҰЯЛАТҚАН СЕМИНАР

«Ұжымдық шарт», «Медициналық ұйымның келісім комиссиясы», «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау». Орал қаласында 18-19 қыркүйек күндері осындай тақырыптарды қамтыған семинарға Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.

Семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат – кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейту, еңбек қауіпсіздігі қамтамасыз етудегі техникалық инспекторлардың жауапкершілігін көтеру, кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру, коммуникативті дағдыларды дамыту және татуластыру рәсімдерін жүргізу.

Семинар спикері Эльмира Мустафанова қатысушылармен бірлесе отырып, ұжымдық шарт жасасу, осы шартқа қосылу тәртібі, заңды қолдану, денсаулық сақтау мекемелеріндегі келісу комиссиясы, оның жұмыс істеу алгоритмі мәселелерін жан-жақты талқылады.

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова бастап барған делегация құрамында облыстың емдеу-сауықтыру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 20 төрағасы болды. Семинар барысында қатысушылар ұжымдарда кездесетін жұмыспен байланысты жазатайым оқиғалар және дәрігерлердің кәсіби қызметін құқықтық қорғау механизмін құру алгоритмі мәселелеріне қатысты біраз мағлұматтармен де білімдерін кеңейтуге мүмкіндік алды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында мұндай семинар-тренинг Оралда биыл екінші рет өтіп отыр.