Дәрігер үшін де, орта буын медицина қызметкерлері үшін де ең басты қағида — адамгершілікті, ілтипатты мейірімділікті сақтай білу. Бір кезде халқы құдайдай сенген пір тұтқан, төредей күтіп сыйлаған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің бұл күнде ел арасындағы абырой-атағы, сый-сияпаты, құрметі бұрынғыдай емес әжептәуір төмендеп ақ кеткен. Бұған кім кінәлі? Ең әуелі сол медицина қызметкерлері мен дәрігерлердің өздері кінәлі дейді біреулер.
Адам баласы өзін біреуге сыйлата алу үшін, ең әуелі өзінің сыйласымды болғаны дұрыс.
Өзің дөрекі, мәдениетсіз, білімсіз, санасыз, кір-қожалақ, салдыр-салақ болып тұрсаң сені кім сыйлайды? «Сыйға — сый, сыраға — бал» деп бұрынғылар бекер айтпаған. Мүмкін дәрігерлеріміз бен медицина қызметкерлеріміздің ел арасындағы қадір-қасиетінің тым төмендеп кетуі — қоғамымыздағы болып жатқан экономикалық, саяси рухани өзгерістермен тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлардың өте нашарлап кетуіне де байланысты шығар.
Қалай болғанда, ел басына қандай қиыншылық түссе де дәрігер болсын, орта буын болсын, кіші медицина қызметкерлері болсын өзінің қадір қасиеті, намысы, мамандығының абырой-атағы үшін күресе білуі керек.
Дәрігер мен орта буын медицина қызыметкерлерінің адам баласының денсаулығының сақшысы екенін қас қағым сәтке де ұмытуға қақылары жоқ. Ішкі мәдениеті үйлескен дәрігер мен медбикелер ғана сырқат жүрегіне жол тауып, адам жанының арашасы бола алады. Тән жарасы мен жан жарасының шипагері бола білген адам ғана нағыз дәрігер, мейірбике деген атқа лайық бола алады.
Ол үшін әрбір дәрігердің, әрбір мейірбикенің көп ізденулері, білімі мен мәдениетін көтерулері қажет.
Этика (әдеп) дегеніміз — гректің мінез, әдет-ғұрып деген сөзінен шыққан философиялық ұғым. Этика адамдар мен адамдардың арасындағы адамгершілікке толы қарым-қатынастардың озық үлгілерін, жақсы дәстүрлерін оқытатын қағидалар жиынтығы.
Халқымыз ежелден адамгершілік, инабаттылық, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді өз бойына сіңіріп және ардақтап келеді. Адам өмірге келгеннен кейін өзара сыйласу — баршаға ортақ қасиет.
Тіршілік иелерінің ішінде адам санасымен ерекшеленеді.
Жұмыр басты пенде, ең алдымен өзін-өзісыйлай білуі қажет. Егерде өзіңді-өзің құрметтеп, бағалай білмесең өзгеден сый құрмет көремін деу бекершілік.
Қазақ қашанда философ халық қой. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген мақалдың астарынан ақ көп нәрсе аңғаруға болады.
Этика — мораль туралы ілім, яғни адамгершілікті, ізеттілікті, кішіпейілділікті,әдептілікті оқытады.
Ал мораль дегеніміз қоғамдық сананың бір түрі немесе бір көрінісі. Адамдардың арасында ежелден қалыптасқан жақсы мінез-құлқы мен инабатты, инабатты, адамгершілікке толы қарым-қатынастарды реттейтін принциптер мен жиынтық ережелерін мораль дейміз.
Адам-адамға дос, жолдас, бауыр деген ұлағатты сөз этиканың ең негізгі қағидаларының бірі.
Медициналық этика — медициналық қызметкерлердің жұмысындағы гуманизм көрінісі, дентологияның теориялық негізі болып саналады.