Жалпы, денсаулық сақтау саласында қандай реформа жүргізілсе де, ол тұрғындардың денсаулығын сақтауға арналады. Алдымен барлық құрмет — қоғамға және оның басты байлығы — адамға жасалуы тиіс.
Дегенмен, бүгінде дер кезінде дәрігерге келмей, уақыт өткізіп алып, дәрігердің қолынан көп нәрсе келмей жатқанда, осы ақ халаттыны жерден алып, салып, оны ең жаман адам қатарына қосады.
Дәрігерлердің біліктілігі мен білімділігі, медицинаның бәекелестік тудыра алатын технологиялары барынша жетілгенімен, егер, адамдар өз денсаулығына өздері жауапты қарамаса, аурудың алдын-алуға әрекет жасамаса, дені сау адам мен денсаулығы мықты қоғам құру мүмкін емес. Бұл — дер кезінде ем қабылдамаған науқастың ажалы алдында дәрменсіз болатын әрбір дәрігердің жан айғайы.
Сондықтан да денсаулық сақтау саласын, дәрігерлердің біліктілігін қанша көтергенімен, халықтың денсаулығының жақсаруы, ең алдымен, әр адамның өз басына байланысты.
Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бүгінгі күні денсаулық сақтаудың 70 пайызы адамдардың өз басына, оның өмір сүру қалыбына байланысты болса, 10 пайызы қоршаған ортаға, 5-7 пайызы тұқым қуалаушылыққа, 10-12 пайызы ғана дәрігерлерге байланысты.
Ауруды емдегеннен оның алдын алған әлдеқайда тиімді әрі пайдалы екенін білсек те, осы қағиданың орындалуына бүгінгі күні қол жеткізе алмай отырмыз. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 90- бабында: «Азаматтар өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға; профилактикалық медициналық тексеру мен қараудан өтуге; жүкті әйелдер жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде медициналық есепке тұруға міндетті»,- деп жазылған.
Соған қарамастан, бүгінгі күні тұрғындар өз денсаулығы туралы міндеттерді толығымен денсаулық сақтау саласы мен медицина қызметкерлеріне артып қойған.
Қандай жағдайда да, алдымен ақ желеңді жаннан басқа ешкім көмектесе алмайтынын білген дұрыс. Олай болса, дәрігердің қоғамдағы орнын білген жөн деп ойлаймын.
SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы
Момбекова Гүлмайра Асанқызы