БАЙҚАУ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Кеше Атырау жоғары медициналық колледжі базасында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген өңірдегі емдеу мекемелерінің орта буын медицина қызметкерлері арасындағы «Үздік мейірбике-2024» облыстық байқауы мәреге жетті. Халықаралық мейірбикелер күніне жоспарланған бұл шара еліміздегі су тасқынына байланысты кейінге қалдырылған болатын.

Облыстық, қалалық және жеті аудандық емдеу мекемелерінен 42 орта буын медицина қызметкері арасындағы кәсіптік сайысқа білікті дәрігерлер қазылық етті. Байқауда конкурсанттар науқас жандарға тері астына, бұлшық етке, көк тамырға инъекцияларды енгізу, анафилактикалық шок кезінде, сондай-ақ, жүкті әйелдер арасында преэклампсия және эклампсия талмасы кезінде алғашқы медициналық көмек беру және жүрек, өкпе талмасы кезінде практикалық тұрғыда реанимациялық көмектер көрсету сайыстары бойынша өз бақтарын сынады.

Сайыс барысында олар «Үздік ауылдық мейірбике», «Үздік аурухана мейірбикесі», «Үздік акушер», «Үздік лаборант», «Үздік фельдшер» және «Үздік алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының мейірбикесі» аталымдары бойынша екі кезеңде кәсіби білім-біліктіліктерін көрсетті. Ал осы топтан ең үздік шыққан мейірбике бас жүлде – Гран-приге ие болады.

Комиссия аталған байқаудың жеңімпаздарына жүлделерді алдағы кәсіби мереке – Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара барысыда тапсыруды ұйғарып отыр.