АЛАҢДА – ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫ

Атыраудағы «Мұнайшы» дене шынықтыру-спорт кешенінде маусымның 14-і мен 18-і аралығында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Денсаулық сақшылары салауатты өмірді қолдайды!» атты дәстүрлі спартакиада өтуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан спартакиадаға емдеу-сақтыру мекемелерінен жасақтаған 40 команда қатысып, бақтарын сынауда.

Жарыстың ашылу салтанатында салалық кәсіподақтың Атырау облыстық филиалы төрағасы Майра Кашкенова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Жанұзақов сөз сөйлеп, игі тілектерін жолдады.

Жасыл алаңда өткен кіші аяқ допшылар бәсекесінде №5 қалалық емхана командасы қарсыластарына тегеурінде қарсылық көрсетті. Ақ халатты жігіттер бірінші орынды жеңіп алып, спартакиада чемпионы атанды. Ал екінші, үшінші орындарды тартысты ойындарда қарсыластырына лайықты бәсекелес болған Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы мен облыстық балалар ауруханасының командалары иеленді.

Волейболшылар сайысы ертең мәреге жетеді.

Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының арнайы жүлделері табысталады.

Жарысты ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл спорт мерекесі емдеу-сауықтыру мекемелері қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты, бірлік пен татулықты әрі қарай дамытып, спорттың бұқаралық сипат алуына едәуір ықпал етпекші.