Әлемді дүр сілкіндіріп, бәрімізді кәдімгідей алаңдауға жол берген пандемия кезінде барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – адам және оның денсаулығы, азаматтардың өз денсаулығын сақтау мәселесі болды. Бұрын аса мән бере бермейтіндер осынау қиындық пен індет қысқан заманда дәрігерлер мен медбикелер қызметін бағалай бастады.
Дәрігер мамандығы бүкіл адамзат жан дүниесінің өшпес абзал құбылыстарын бақылау мен бағалау – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететінін ел енді түсінгендей болды. Осы кезде қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өіміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.
Соңғы кезде елімізде дәрігер мәртебесін көтеру жөнінде кең ауқымды ой-пікірлер көп айтылып жүр. Дұрыс-ақ, бұл әбден толғағы жеткен мәселе. Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болатыны белгілі. Себебі, қандай жағдайда болмасын, дәрігер — ең басты адам. Адам жанының арашашысы ғана емес, жылылық пен мейірім символы да бола алады. Жанын жеген дерттен қиналған адам тек дәрігер алдында ғана өзіне медеу таба алады. Себебі, ол одан сенімділік, өмірінің жалғасатындығын, дертінің өткінші екендігін білгісі келеді. Сондықтан, кез-келген медицина қызметкері, алдымен, сыпайы, кішіпейіл, мәдениетті, барынша жұмсақ, биязы болуы тиіс. Осы орайда, уикипедиядаға мәліметке көз салсақ, дәрігер дегеніміз — “маман дәрігер, педиатр, гигиенист, эпидемиолог, стоматологтың жоғары біліктілігі; адам ағзасының қалыпты жұмысын сақтап, аурудың алдын-алу және емдеуде өзінің дағдылары, білімі мен тәжірибесін қолданатын адам. Онда жоғары білімнің міндетті түрде болуы және мамандандырылған жағдайда қосымша кәсіби дайындық қарастырылған. Әлемнің көптеген елдерінде жергілікті билік органдарының дәрігердің қызметіне рұқсаты немесе тиісті біліктілігі талап етіледі.
Медбике деген кім?Медициналық бике — емдеу-профилактикалық мекемелерде (фельдшер-акушерлік, емханалар, денсаулық сақтау пункттері, диспансерлер мен ауруханалар), сонымен қатар мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, мектептерде, ұйымдарда (Халықаралық Қызыл Крест және Жарты ай) дәрігердің тікелей басшылығымен жұмыс істейтін, медициналық орта білімі бар маман. Медициналық медбике емдеу-профилактикалық шаралар барысында, әлеуметтік-медициналық көмек беру кезінде, сонымен қатар босанатын әйелдерге дәрігерлік көмек беретін, балалар және мектепке дейінгі балалар мекемелерінде дәрігердің көмекшісі қызметін атқарады”,- делініпті. Расында, біліктілігі мен білімі сай келіп тұрса, дәрігер де, медбике де — таптырмас қажет мамандықтар. Адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ дейтін болсақ, бұл мамандық иелерінің қоғамның басты байлығына пайдасы қашан да мол бола бермек.
Гүлмайра МОМБЕКОВА, «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы”РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы