«АЙБАРЛЫ ЕЛДІ АСҚАҚТАТАР АТА ЗАҢ»

Атырау облыстық ауруханасының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеш осылай аталды. Оған қала мен аудандардың емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі кәсіподақ жетекшілері мен белсенді мүшелері қатысты.

Жиын денсаулық сақшыларының Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Гимнін шырқаумен басталды. Облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова сөз сөйлеп, еліміздің дамуында, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қамтамасыз етудегі Ата Заңымыздың рөліне тоқталды. Ол барша әріптестерін Конституция күнімен құттықтап, адам жаны үшін арашаға түсіп жүрген абзал жандарға денсаулық пен бақыт, қызметтеріне толағай табыстар тіледі.

Бұдан соң салалық кәсіподақ көшбасшысы Майра Тұрланқызы қайнаған істің ортасында жүрген бір топ қызметкерге «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподақ үздігі» төсбелгісін табыстады. Олардың қатарында облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігері Орынша Досанова, облыстық аурухананың аға мейірбикесі Ләйлім Наурызалиева, облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасының фельдшері Әлия Сүндетова бар.

Сондай-ақ, ақ халатты абзал жандардың бір тобы қоғамдық бірлестік пен облыстық филиалдың Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен және сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік шараға қатысушыларға Атырау жоғары медициналық колледжінің өнерпаз жастары әннен шашу шашты.