Бір кезбері төредей күтіп сыйлаған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің бұл күнде ел арасындағы абырой-атағы, құрметі әжептәуір төмендеп кеткендігі жасырын емес. Оны әлеуметтік желідегі түрлі жазбалардан, баспасөз беттеріндегі халықтың шағым- арыздарынан көріп, оқып жатамыз. Денсаулық сақтау жүйесіндегі реформаларды ойлап тапқандарды осыған кінәлап жататындар аз емес. Дегенмен, күндіз-түні науқастарының жағдайын жақсарту үшін тынбай еңбек етіп, әрі пациентінің ауру тарихын толтырып, қайтсем көмектесе алам деп, миын қатырып жүрген дәрігерлердің еңбегі аз емес екенін атап айтқан жөн.
Әрине, ақ халаттының, жалпы орта буын медицина қызметкерлерінің адам баласының денсаулығының сақшысы екенін қас қағым сәтке де ұмытуға ешкімнің қақысы жоқ. Ішкі мәдениеті үйлескен дәрігер мен медбикелер ғана сырқат жүрегіне жол тауып, адам жанының арашасы бола алады. Тән жарасы мен жан жарасының шипагері бола білген адам ғана нағыз дәрігер, мейірбике деген атқа лайық бола алады. Дегенмен, кейде кейбіреулер ауруханаға жату тәртібіне мойын ұсынғысы келмей, портал жолымен емханаға барып, тексеру-талдау өткісі келмей, жүруге ерініп, жаппай адам жанына араша боп жүргендерді кінәлап, жазып, қорлайтын сөзбермен ар-намысына тиіп жатады. Әрине, мұндай жағдайда, арнайы құқық қорғау орындарына шағымданып, өз ар-намысыңды өзгеге таптатпай, ақталып шығуға болады. Дегенмен, осы қажет пе? Әрине, қажет емес. Әркімнің санасы мен деңгейіне сай әрекеті бар ғой деп қана қоя салуға мәжбүр боласың.
Осы орайда, этика дегеніміздің не екенін анықтап алу қажет. Этика (әдеп) дегеніміз — гректің мінез, әдет-ғұрып деген сөзінен шыққан философиялық ұғым. Этика адамдар мен адамдардың арасындағы адамгершілікке толы қарым-қатынастардың озық үлгілерін, жақсы дәстүрлерін оқытатын қағидалар жиынтығы. Халқымыз ежелден адамгершілік, инабаттылық, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді өз бойына сіңіріп және ардақтап келеді. Адам өмірге келгеннен кейін өзара сыйласу — баршаға ортақ қасиет. Тіршілік иелерінің ішінде адам санасымен ерекшеленеді.
Адам баласы, ең алдымен өзін-өзі сыйлай білуі қажет. Егерде өзіңді-өзің құрметтеп, бағалай білмесең, өзгеден сый құрмет көремін деу бекершілік. Қазақ қашанда философ халық қой. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген мақалдың астарынан ақ көп нәрсе аңғаруға болады. Этика — мораль туралы ілім, яғни адамгершілікті, ізеттілікті, кішіпейілділікті,әдептілікті оқытады.
Сондай-ақ, мораль дегеніміз — қоғамдық сананың бір түрі немесе бір көрінісі. Адамдардың арасында ежелден қалыптасқан жақсы мінез-құлқы мен инабатты, инабатты, адамгершілікке толы қарым-қатынастарды реттейтін принциптер мен жиынтық ережелерін мораль дейміз. Адам-адамға дос, жолдас, бауыр деген ұлағатты сөз этиканың ең негізгі қағидаларының бірі. Медициналық этика — медициналық қызметкерлердің жұмысындағы гуманизм көрінісі, дентологияның теориялық негізі болып саналады.
Деонтология — (гректің — тиіс, керек деген сөзінен шыққан) дегеніміз — әрбір жеке адамның бүкіл адам баласы мен қоғамның алдындағы атқаруға тиіс міндетін, борышын, парызын оқытатын этиканың негізгі бір саласы. Оның негізгі принципі — адам жеке басының қамын ойламай, өз мүддесін халық пен қоғамның қажеттілігіне саналы түрде бағындыра отырып, жеке басының мүддесін қоғамдық мүддемен үйлесімді түрде үйлестіре алуында. Медициналық деонтология дегеніміз — медицина қызметкерінің адам баласы алдындағы, қоғам алдындағы атқаруға тиіс кәсіптік парызы мен өтеуге тиіс борышын оқытатын ілім.
Біздің дәуірімізге дейін ІХ ғасырда өмір сүрген атақты үнді дәрігерінің «Өмір кітабы” атты еңбегінде дәрігерге былай деген өсиет айтады: «Дәрігер іс жүзінде табысқа жету үшін: өзінің дені сау, мұнтаздай таза, қарапайым, шыдамды, сақалы қысқа етіп бастырылған, тырнақтары алынған, ақ жиде жұпыны киім киген болуы керек. Сөйлеген сөзі жұмсақ, жағымды, тартымды және үлкен үмітпен айтылуы қажет”,- деген екен.
Дәрігердің ақ жүректі адал, қайғыға ортақтасқыш, сезімтал, тура мінезді, байсалды, ерекше сабырлы, асқан ақылды әрқашанда жақсылық істеуге тырысып тұратын адам болғаны абзал. Медицина қызметкерінің орта және кіші буынды қызметкер әріптестері арасында сабырлы әрі ашық жарқын сөйлесуге міндетті. Дөрекі тұрпайы немесе тым ресми сөйлесуге болмайды. Өзінен жасы үлкендерге «Сіз» деп және дәрігерлерге аты мен әкесінің атын атап сөйлескені жөн. Жалпы, медицина қызметкері — жоғары интеллектілі, өзгеге үлгі-өнеге көрсетуші, мәдениеттің биік сатысын ұстаушы, таза интеллигент дәрежесіндегі адам болуы тиіс. “Сөзі де, ісі де үйлесімді, тілі — майда, қолы — жұмсақ, емі — шипа болар жан” деген сөзге лайық болғаны жөн ойлаймын. Осындай қасиетке ие болуға тырысайық, әріптестер!
Гүлмайра МОМБЕКОВА, «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы”РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы