Медицина саласының кәсіподақтары әріптестік туралы келісімге келді

Соңғы уақытта кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «SENIM» салалық кәсіподағы (ҚР Кәсіподақтар федерациясы) мен «Медицина, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және сараптамалау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы», соның ішінде «Медик» жергілікті кәсіподақ (Қазақстанның Еңбек конфедерациясы) арасындағы қарсылықтар туралы ақпараттар жариялануда.

Қазақстанның Еңбек конфедерациясының Бас хатшысы Мұрат Машкенов мырза өз сөзінде кәсіподақтар мүшелерінің атынан құқық нормасына жатпайтын жұмыс істеу тәсілдері туралы айтады. Бұл өз кезегінде популизмге жатады. Аталмыш ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіндігін және кәсіподақтар қатарындағы медициналық қызметкерлердің қазіргі әл-ахуалы жайында білмеуді көрсететіндігін атап өту қажет.

2018 жылғы 14 қыркүйекте Астанада Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының ғимаратында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ (ҚРКФ) және «Медицина, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және сараптамалау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ (ҚЕК) арасында Өзара ынтымақтастық және әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

«SENIM» кәсіподағы (ҚРКФ) тарапынан құжатқа кәсіподақ төрағасы Сапарбек Дүйсенов, ал «Медицина, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және сараптамалау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» (ҚЕК) тарапынан Болат Давлетгалиев қол қойды.

Аталмыш кәсіподақтар алдында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің құқығын қорғауға қатысты ортақ мақсат пен міндеттер тұр. Атап айтқанда, еңбекақы, 7-20-25 тұрғын үй бағдарламасына медицина қызметкерлерін белсенді қатыстыру, алдағы медициналық ұйымдарды жекешелендіру бағдарламасына қатысты  медицина қызметкерлерінің мүдделерін қорғау мәселелері.

Осы мақсаттарға қолжеткізу үшін тараптар келесі келісімге келді:

  • Қазақстан Республикасы Үкіметі, республикалық жұмысшылар бірлестіктері мен республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімнің табысты орындалуына жан-жақты қолдау көрсету.
  • Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі бірыңғай салалық комиссияның құрылуына қолжеткізу, оның құрамына «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ (ҚРКФ) жұмысшылардың өкілетті уәкілі ретінде енгізу.
  • Кәсіподақтардың өзара ынтымақтастығы жөнінде тұрақты жұмыс істейтін Үйлестіру кеңесін құру, оған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің аясында денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау шаралары мен кәсіподақ туралы заңнаманы жетілдіру бойынша біріккен ұсыныстарды дайындау мақсатында әр Тараптың өкілдерін қатыстыру.
  • Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды сақтау және Салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы еңбек қатынастарын реттеу бойынша кәсіподақ активі мен кадрларды жалпы құқықтық оқытуды қамтамасыз ету мақсатында Салада ұйымдастырушылық және әдістемелік базаны дамыту бойынша біріккен шараларды қабылдау.
  • Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында кәсіподақ мүшелерінен денсаулық сақтау мәселелері бойынша, соның ішінде олардың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласына қатысты түсетін шағымдар мен ұсыныстарды жедел түрде реттеуді қамтамасыз ету үшін «Кәсіподақтардың қоғамдық қабылдауы» айдарын бірігіп ұйымдастыру.

http://fprk.kz