Қазір мемлекет тарапынан медициналық көмекке берілетін қаржы мөлшері қомақты.

Саладағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру ісінде ең тиімді жолдар қолданысқа енгізілген. Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар тарапынан мұндай жаңашылдыққа қолдау аз. Тіпті кейбір топтар оны мүлдем түсінгісі келмейді. Неге біз саяси-қоғамдық өзгерістер мен сән үлгісінің жаңалығын немесе валюта бағамының құбылуын қабылдаймыз да, денсаулық сақтау саласындағы жаңа үрдістерге селқос қараймыз?

Мәселен, дәрігерлердің еңбегін бағалап, олардың мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстарға мән берілсе деймін. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, сараланып әрі кәсіби талқылаудан өтіп, көп талқылануда. Әрине, бірқатар жұмыстар да жасалынып жатыр. Оның бірі — жалақы мөлшерінің көтерілуі т б.
Биылдан бастап, орташа жалақы мөлшері дәрігерлерге – 30%-ға, 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлеріне – 20%-ға, 250 мың теңгеге дейін көтерілгені — жақсы жаңалық. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резидентурадағы гранттар саны 70%-ға көбейгеніне де алғысымыз шексіз. Мұндай игі жақсылықтардың барлығы — дәрігер мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар екендігі айдан-анық.

Медицина қызметкерлерінің мәртебесі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысының маңызды детерминанты. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы абзал жандардың құқығын қорғау маңызды болып отыр.