Тараз қаласындағы «Балаларға күлкі сыйла!» жобасына «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы 24 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау жасалды.
«Жобаның әлеуметтік маңыздылығы сонда, балалар үйінде тәрбиеленушілер қоғам қамқорлылығы мен назарын сезіп, отансүйгіш әрі салауатты өмір салтын ұстанған жас ұрпақ боп өседі. Осылайша оң өзгерістер орын алып, бірлескен еңбектің жемісін көреміз деп ойлаймын. Келе жатқан Ұлыстың күні – Наурыз мейрамы құтты болсын!», — деді салтанатты ашылу рәсімінде Тараз қаласының әкімінің орынбасары Исмаил Қайрат Абильханович.
Жоба нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер бақытты балалық шақтың қуанышы мен ересектер мейірімін түйсініп ер жетпек. Тиісінше бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы тәрбиелік жұмыстарға айрықша күш салынады.
«Бүгін, міне, қасиетті Жамбыл жерінде балалар үйіне арналған ойын алаңын ашып отырмыз. Бұл қуанышты жағдай. Себебі, халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деп айтқан. Барша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы қаржыландырған жобаның «Балаларға күлкі сыйла!» аталуы да жанға жылулық сыйлайды. Баршаңызды компаниялар тобы атынан бүгінгі игілікті іспен құттықтап, табыс тілеймін», — деді «ХИМ-плюс» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Жүніспаев Дәулет Еркінұлы.
«Баршаңызды ойын алаңының ашылуымен құттықтаймын! Балалардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап нәрсе болмас. Сондықтан, бүгінгі шараның маңызы ерекше. Бүгін ойын алаңының тұсаукесер рәсіміне жиналып отырмыз. Ойын алаңының ашылуы «Самұрық қазына-Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» акционерлік қорына алғыс айтамыз»- дедім мен.
Көлемі 300 шаршы метр түрлі-түсті көңілді алаңда 13 ойын құралы орнатылған. Мұнда саналуан дене шынықтыру сабақтарын, спорттық және шығармашылық сайыстар өткізу қарастырылған.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ барлық компаниялар тобының атынан бірыңғай қайырымдылық қызметімен айналысады және денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бұқаралық спорт, халықтың әлеуметтік топтарын қолдау салаларында жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.