Басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың дәрігердің көмегіне жүгінетіні белгілі.
Адам жаны үшін түн ұйқысын төрт бөліп, өмірін сақтап қалуды парыз санайтын ақ халаттылардың еңбегінің кейде лайықты бағаланбай, тіпті сәл жіберген ағаттықтарын елге жайып, масқаралауға бейім тұратындар да елде кездесіп қалады.
Біздің қоғамда дәрігерлердің құқықтары немесе олардың мәртебесі туралы заңның болмауынан, ақ халатты білікті мамандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жататын жайттарды соңғы кезде жиірек еститін болып жүрміз. Көбіне дәрігерді сотқа жыққандардың немесе оларға қоқан-лоқы көрсеткендердің дерегі ғана айтылып жатады.
Ал, жәбір көрдім деген дәрігер сөзін сирек естиміз.
Шын мәнісінде, дәрігерлер азаматтардан жиі зәбір көретіндер қатарында.
Емделушілердің де арасында ұрысып, мұқатып, жұдырық ала жүгіретін кездері, рұқсатсыз видео түсірулерді жүргізу жиі болып тұратыны да жасырын емес.
Медицина қызметкерлерінің жұмысын дұрыс атқаруы, нәтижелі жұмыс жасауы үшін олардың құқықтарын қорғайтын нақты заңнамалар болғаны дұрыс.
Ауруын асқындырып келетін науқастар да немесе танысының берген ұсыныстарымен, не болмаса интернет арқылы емделіп, дертіне дерт қосып келетіндер де баршылық. Келе сала, бірден емделіп, құлан таза айығып кетуді дәрігерден талап ететіндері қаншама ? Сонда адамдар өздерінің денсаулықтарына өздері немқұрайлы қарайтындарын қалай түсінуге болады?
Сол дертінің бірнеше жылдан бері асқынғанын, оның бір күнде оңай жазылып кете салмайтынын түсінгісі келмейді.
Ауру адамда қандай көңіл-күй болсын, көбінің сіркесі су көтермей тұрады. Осындай жағдайлардың көптігінен жұмыс кезінде түрлі жанжалдар да болып жатады.
Бұл жағдайларда дәрігердікі дұрыс болса да, дау көбінесе науқастар пайдасына шешіледі.
Осыдан келіп, қоғамда дәрігер кінәлі екен, демек олар сауатсыз деген көзқарас қалыптасады.
Қырық жылға жуық жұмыс өтілім бар дәрігер ретінде мені соңғы кезде өзін «қоғам белсендісімін», «блогермін» деп, орынды-орынсыз жайттарға килігіп, сенсация іздеп, адам жанының арашасы дәрігерлердің болмашы бір қателіктері үшін әлеуметік желі арқылы келеңсіз жәйттарды көрсетуге тырысып жүргені қатты мазалайды. Қателіктер жұмыс жасамаған адамдарда ғана болмайды деген түсінікті де ұмытқан сыңайымыз бар. (Никогда не ошибается тот,кто ничего не делает).
Дәрігерлерге, жалпы медицина қызметкерлеріне қарсы жазылған арыздарға тиісті құзырлы органдардың тергеу-тексеру қорытындысы шығарылмай тұрып, мәселенің анық-қанығы анықталмаған жайттарды әлеуметтік желіге шығарып масқаралауы адами қасиетке жата ма?
Меніңше, дәрігерді осылай қаралауды көздейтін қоғам мүшелеріне қолданыстағы заңдар негізінде жазалауды енгізу керек деп ойлаймын. Емделуші мен медицина қызметкерінің арасында жанжалды жағдай туындағанда ҚР Қылмыстық кодекстің 131-бабында басқа адамның ар-намысын қорлағаны үшiн, атап айтқанда әдепсiз түрде көрсетiлген кемсіту үшiн жауаптылық белгiленген. Осы 131-баптың 1-тармақшасына сәйкес бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлщерде түзету жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады делінсе, ал 2- тармақшасы бойыншакөпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады делінген.
Сондай-ақ, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 19-бабына сәйкес, азамат бұқаралық ақпарат құралдарынан шындыққа сәйкес келмейтін және оның ар-намысына және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты теріске шығаруды талап етуге құқылы екендігін әріптестеріміздің ескеріп жүргендері абзал.
Майра Кашкенова.