ДӘРІГЕР БОЛУ ҮШІН үлкен жүрек керек

Соңғы жылдары елімізде педагогтер мәртебесін көтеру туралы жақсы ой-пікірлер айтылып, мәселе Үкімет деңгейінде қозғалып, нәтижесінде тиісті заң қабылданды. Бұл қоғамда әбден толғағы жеткен мәселе еді. Ендігі кезекте дәрігер мәртебесін көтеретін уақыт жеткен сияқты.

Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болатыны белгілі. Бірақ қазіргі таңда ақ халатты жандардың еңбегін ескеру мен қадір-қасиетін өсіру жағы қоғамда кемшін түсіп жатыр. Олардың адамдарды ажалдан арашалап алып қалып жатқан сәттерін дәріптей алмай, пүшайман күй кешіп жүрміз. Пандемия кезінде ғана аурумен алдыңғы шепте жекпе-жекке шығып, ел денсаулығын арттыру мен сақтап қалу мақсатында ерен еңбек етіп, бірқатары, тіпті осы жолда жанын пида еткендерді көріп қана ақ халаттылардың қадірін білгендей болдық. Енді індеттің беті қайта бастаған тұста оларға деген құрметіміз төмендеп бара жатқандай ма, қалай?

Қазір мемлекет тарапынан медициналық көмекке бөлініп жатқан қаржы аз емес. Саладағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру ісінде ең тиімді жолдар қолданысқа енгізілген. Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар тарапынан мұндай жаңашылдыққа қолдау аз. Тіпті кейбір топтар оны мүлдем түсінгісі келмейді. Неге біз саяси-қоғамдық өзгерістер мен сән үлгісінің жаңалығын немесе валюта бағамының құбылуын қабылдаймыз да, денсаулық сақтау саласындағы жаңа үрдістерге селқос қараймыз?

– Дәрігерлердің еңбегін бағалап, олардың мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстарға неге көңіл бөлмеске? Бұл мәселе талқылануда. Әрине, билік тарапынан бірқатар жұмыстар да жасалынып жатыр. Оның бірі – жалақы мөлшерінің көтерілуі, тағы басқа. Дегенмен шешілмей жатқан мәселелер де аз емес. Мысалы, біз қоғамнан бүгінгі таңда тұрғындардан портал бойынша кезек күту мәдениетін үйренгенін, жоспарлы түрде емделу тәртібін түсінгенін қалаймыз, – дейді аға дәрігерлер.

Стационар – жедел әрі аса шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайда ғана пайдаланылуға тиіс. Бұл үшін жедел жәрдем қызметі тұрақты жолға қойылған. Осы орайда жедел жәрдем көлігінің жолындағы кептелістер, өзге жүргізушілер тарапынан оған жол беру мәдениетінің төмендігі, көптеген мекенжай деректерінің тиянақсыздығы да кездесіп жатады. Мұндай кезде «Жедел жәрдемді» жерден алып, жерге салатындар да бар. Халық денсаулығын арттыру бағытында тер төгіп жүргендер арасында айта берсе, мәселе аз емес.

Қалай десек те, дәрігер мамандығы – жауапты әрі маңызды міндет.

Сондықтан медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру – олардың жауапкершілігін одан әрі арттыра түсері анық. Бүгінде дәрігер жұмысының қаншалықты қиын екенін бәрі бірдей біле бермейді. Екінің бірі бұл мамандықты таңдай бермейді. Өз өмірін адамдардың денсаулығын арашалауға арнау үшін үлкен жүрек керек. Ең ұзақ оқу мерзімі тек медицина мамандығында. Оқу орнын бітіргеннен кейін де олар үнемі ізденіс, білімін жетілдіру үстінде болады. Қазір облысымыздағы мемлекеттік және шағын жеке медициналық мекемелерде 3377 дәрігер қызмет етуде.

Өкінішке орай, халық дәрігерлердің жұмысын бағаламай жатады. Әрбірден кейін басындағы қиындықтарына дәрігерлерді кінәлайды. Көбінде олар өз жауапсыздықтарының салдарынан сырқатының алдын алуды ұмытады. Сөйтіп, ауруы асқынған сәтте, ем қонбаған тұста қайта айналып келіп дәрігерді

кінәлай жөнеледі. Міне, осындай қиындықтардан соң, көбіне, біздің жақсы мамандарымыз жұмысын тастап, басқа кәсіпке кетіп жатыр.

Медицина социологиясының беделді өкілі А.Решетников «дәрігердің әлеуметтік мәртебесі еңбекақысы, мамандықтың мәртебесі, өзін өзі шыңдау сияқты критерийлерге байланысты» дейді. Медицина қызметкерлерінің мәртебесі – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысының маңызды детерминанты. Сондықтан бүгінгі таңда жүйедегі қиындықтарға қарамастан, олардың еңбегін бағалап, өзін өзі шыңдауға мүмкіндік беру, науқастардың орынсыз әрекеттеріне қатысты шаралар қолдану арқылы абзал жандардың құқығын қорғау маңызды болып отыр.

Гүлмайра МОМБЕКОВА, «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ облыстық филиалының төрайымы