Желтоқсанның 11-і күні Атыраудың Құрманғазы мәдениет сарайында «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен тәлімдік-тәрбиелік мағынасы жоғары шара өтті. Бұл –Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Медицинадағы сабақтастық – кешегі мен ертеңгінің үндестігі» атты денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің және Тәуелсіздік құрдастары жас мамандардың қатысуымен өткен облыстық форумы еді. Форумға аймақтағы емдеу мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, салалық кәсіподақтың облыстық филиалы жанынан құрылған жастар кеңесі мүшелері және еңбек озаттары қатысты.
Айтулы шара «30 жылда жаңарған Атырау медицинасы» деген деректі бейнефильмді тамашалаумен басталды. Қатысушыларды аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтың атынан Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«Адам жаны үшін арашашы болуды, Гиппократ антына адалдық танытуды мақсат еткен денсаулық сақшылары әлемді шарпыған пандемия кезінде де алғы шептен көрінді. Осынау дерттің салдарынан облыстымызда медицина саласының оннан астам білікті мамандары өмірлерін де қиды. Олардың есімдерін біз қашанда құрметпен еске алып отыруымыз қажет. Денсаулық сақшыларының еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда, жұмыс барысында еңбек қауіпсіздігін сақтау, дау-дамайлардың алдын алу мен оларды болдырмауда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, кәсіподақтар қозғалысын өрістетудегі кәсіподақ белсенділерінің, жас мамандарды тәрбилеу, тәжірибе алмасуда еңбек ардагерлерінің ұжымдардағы алар орны да ерекше. Мереке қарсаңында сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, денсаулық қүзетіндегі қызметтеріңізге үлкен абырой мен табыстар тілеймін» деген Ізтұрған Ұзақбайұлы бір топ медицина қызметкері мен кәсіподақ белсенділеріне облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыс етті.
Салтанатты форумда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлердің бірқатарына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін табыстады. «Senim» денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова бір топ әріптесін Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасымен, «Кәсіподақ үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Сала ардагерлері – денсаулық сақтау ісінің үздіктері – балалар хирургі Ғали Русаев, фтизиатр Ахметжан Жұмағалиев, Ақжұма Жаңбырова, жас мамандар атынан Тәуелсіздіктің құрдасы, облыстық аурухананың дәрігері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Рапхат Қанатов келешек ұрпақты үлкен өмірге дайындауда тәлімгерлік тәжірибесін қайта жандандыру қажеттігі жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Маңызы жоғары бұл форумда емдеу мекемелерінің қызметкерлері мен Атырау жоғары медициналық колледжінің студенттерінен құрылған оркестрі, денсаулық сақтау қызметкерлері көркемөнерпаздар байлауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысушыларға ән-күйден шашу шашып, тамаша көңіл-күй сыйлады.
«Медицинадағы сабақтастық – кешегі мен ертеңгінің үндестігі» атты облыстық форумға қатысушылар өңірдің барша медицина қызметкерлеріне арнаған Үндеу қабылдады.