ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫНЫҢ САЙЫСЫ

Бүгін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Жайық» спорт кешенінде денсаулық сақшыларының кәсіби мерекесіне орай «Салауатты өмір салты – жарқын болашақ» атты медицина қызметкерлерінің дәстүрлі спартакиадасының жалауы көтерілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл спорттық мерекеге облыстағы емдеу-сақтыру мекемелерінен жасақтаған отызға жуық команда қатысып, бақтарын сынауда.

Дәстүрге айналған бұл спартакиаданы өткізудегі мақсат – адам жаны үшін арашаға түсуге, өмірін сақтауға қашан да дайын тұратын ақ халатты абзал жандардың халыққа ауырып ем іздегенше, ауырмай жолды іздеуді, дене шынықтыру мен спорттың бұқаралық сипат алуы мен салауатты өмір салтын насихаттау.

Спартакиада бағдарламасына сай кіші аяқ доп, волейбол, теннис, шахмат және қазақтың ұлттық спорт түрі –тоғызқұмалақтан өзара мықтылар анықталмақ.

Спартакиадаға қатысушы командалар сап түзеп, Қазақстанның Гимні орындаған соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмагүл Әбилова, облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің өкілі Серік Қадыров, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова құттықтау сөз сөйлеп, әріптестеріне сәттіліктер мен жеңістер тіледі.

Айта кету керек, биылғы спорттық сайысқа қатысуға тілек білдірген командарлар қатары да жылдағыдан едәуір артты. Мәселен, волейбол мен кіші аяқ доп додаларына қатысуға тиісінше 26 және 21, үстел теннисінен сайысқа 24 команда ниет білдіріп отыр.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ертең анықталады.