Еңбек адамының тұлғасы

«Senім» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы, Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі, жоғары санатты дәрігер дерматовенеролог Исакулова Қарлығаш Хисметуллақызының есімін ерекше атауға болады.

Азаматты ардақтау, маман иелерін өрелі сөзбен өз биігіне шығару қазақ халқына бірден-бір жарасатын жақсы мінез. Жақсының жақсылығын айту – жазылмаған заңдылық.

Елімізде «10 қазан – Кәсіподақтар күні» мерекесі болып белгіленгені мәлім. Мерекенің негізгі мақсаты–жастар арасында еңбекті насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады.

Осындай мерекелі күнде өз мамандығының тамаша иегері жайлы азырақ сыр шерте кетсек.

Қарлығаш Хисметуллақызы 1956 жылы Гурьев облысы, Новобогат ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 5 ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болғандықтан, кішкентай Қарлығашты атасы Исақұл ерекше жақсы көрген. Үнемі немересінің қолынан ұстап ертіп жүрген кездерінде, қызымның қолы шипалы, өскенде емші болады, дәрігер болады деп құлағына құя берген екен. Сол атасының сөздері бағыт болды ма, өзінің жеке таңдауы ма, Қарлығаш Хисметуллақызы әуелі 1975 жылы дайындық курсында оқып, 1976 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1982 жылы тәмамдаған.

Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі еңбек жолын 1982 жылы Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінде бастады. Қатардағы дәрігер ординатордан бастаған ол, 1998 жылдан 2014 жылдар аралығында аурухана бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазыргі уақытта да сол аурухана бөлімшесінде, тәжірибелі маман, ізінен ерген жас мамандардың ақылшысы болған Қарлығаш Хисметуллақызы, халыққа аянбай еңбек етуде. Халқына танымал дәрігер, жоғары санатты маман 2016 жылы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды, 2018 жылы Ұлттық бизнес рейтингі ұйымдастыру комитетінің шешімімен оған «Чуткое сердце» медалі берілді. Сонымен қатар, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, тері-венерологиялық диспансері әкімшілігі тарапынан берілген алғыс хаттардың иегері.

Табиғат оған даналықты, қабілетті аямай сыйлаған. Ұжымдағы жас мамандарды тәлімгерлік ұстаныммен кәсіби жолға салудан, үйретуден тайынбайтын жан. Алдағы уақытта да медицина жетістіктерін одан әрі жетілдіруге атсалысуды көздейді.

Қ.Хисметуллақызы адамдармен жеке қарым-қатынасы мен мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасқан тұлға. Өзінің дара болмысымен кез келген ортада ерекшеленіп тұрады.

Жолдасы, сот медицина саласындағы дәрігер маман 1994 жылы дүниеден озған, екеуі 3 ұрпақ тәрбиелеп өсірген. 1 қызы ата-анасының жолын қуған фармацевт мамандығының иесі.

Ұжымды екінші отбасына балаған ол – өмірлік тәжірибесін қолдана отырып, ұжымға үйлесімді болу қызметкердің міндеті деп түсіндіреді.

Ақ халатты абзал жан халықтың, пациенттердің сыйлы азаматшасы, ал оның осы құрметке ие болуының сыры, жоғары адамгершілік қасиеті, еңбегіндегі жеке жауапкершілікті сезіне білуі – міне осындай асыл адами қасиеттерімен танылды. Ол қажырлы еңбек иесі, істің адамы.