КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІНЕ МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Жаңа жылдың бастауы – Наурыз бүкіл Қазақстан халқының ортақ мерекесі. Наурыз – әлем халықтары арасындағы жылдың жаңаруын алғаш әйгілейтін, ежелгі мереке. Атырау облысының Кәсіподақтар үйінде «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара жиналған көпшілікке зор әсер сыйлады.

Емдеу-сауықтыру мекемелерінен қатысқан кәсіподақ ардагерлері мен белсенділері, бастауыш ұйым жетекшілерін Наурыз мейрамымен филиал төрағасы құттықтады. «Арайлап жеткен Әз-Наурыз мейрамында ақ мол болып, жылымыз ырысты болсын. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқауы болған Ұлыстың Ұлы күні жанұяларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін!» деген ол адам жаны үшін арашаға түсіп, абырой биігінен көрініп жүрген облыстық аурухананың дәрігер-хирургі Рафхат Қанатовты, №1 қалалық емхананың бала дәрігері Роза Елеусінова,Облыстық кардиологиялык орталықтын бас мейрбикеси Айман Копжасарованы және басқаларды кәсіподақтағы белсенді қызметтері үшін Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен, «Senim «денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының «Үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Атырау жоғары медициналық колледжінің өнерлі студенттері шара қонақтарына ән-жырларын арнады.