«ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК – ДАМУ БОЛАШАҒЫ»

Кеше «Renaissance Атырау» қонақ үйінің мәжіліс залында осындай тақырыппен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясы жариялаған «Әлеуметтік әріптестік жылын» қорытындылауға арналған салтанатты жиын болды.

Оған аймақтың денсаулық сақтау саласына қарасты емдеу мекемелері мен ұйымдарының басшылары, ардагерлер, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері шақырылды.

Мемлекеттік Гимн шырқалған соң қонақтар «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» өз жұмысын қалай бастағандығы туралы дайындалған бейнекөрсетілімді тамашалады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының биылғы «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында денсаулық сақтау мекемелері мен салалық кәсіподақ ұйымдары жұмыскерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуде нендей істер тындырды? Жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымдары алдында қандай міндеттер тұр? Салалық кәсіподақтың филиалы бойынша жұмыскерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы атқарылған жұмыстарды филиал төрағасы Майра Кашкенова ЛЭД экран арқылы көрнекі материалдармен баяндады.

Денсаулық сақтау мекемелерінде әлеуметтік әріптестікті нығайтуға қосқан үлесі мен белсенді қызметі үшін бір топ сала жетекшілері мен кәсіподақ белсенділері облыс әкімінің мен мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салалық кәсіподақтың қырыққа жуық әлеуметтік әріптестердің басын біріктіріп, жұмыс жүргізіп отырған бас әріптес, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев әлеуметтік әріптестіктің қоғамдағы барлық жіктердің мүдделерін объективті түрде ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу екенідігіне тоқталды
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісін Құрманғазы аудандық ауруханасының ардагер дәрігері Сағидолла Куловқа, Құрмет грамотасын облыстық кардиологиялық орталығының директоры Марат Қонысовқа, Алғыс хатын облыстық балалар стоматологиялық емханасының директоры Нұргүл Намазғалиеваға табыс етті. Сондай-ақ, бір топ сала қызметкері облыстық филиалдың Алғыс хатына ие болды.

«Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында салалық кәсіподақтың ұйғаруымен емдеу мекемелеріндегі жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тұрғысында «Үздік ұжымдық шарт», мекемедегі кәсіподақ мүшелерімен бірлескен жұмыстарды жүргізу барысында «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» және еңбек қорғау жөніндегі «Үздік техникалық инспекторы» атты облыстық байқауы қорытындысы да осы шарада жария етілді. «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша №7 қалалық емхана ұжымы, «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» номинациясында Жылыой аудандық ауруханасы бастауыш кәсіподақ ұйымы лайықты деп танылды. Ал, «Үздік техникалық инспекторы» атағы облыстық онкологиялық диспансерінің техникалық инспекторы Айдана Есентайға бұйырды.

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы бойынша облыстық «Үздік дәрігер» байқауының жеңімпаздарын анықтау үшін бекітілген ережеге сай халықтың әлеуметтік желілер мен жергілікті басылымдардағы оң пікір-ұсыныстары мен өздері таңдаған үздіктерге дауыс беру беру арқылы анықталды. Байқауды ұйымдастыруға облыстық «Прикаспийская коммуна» газеті редакциясы мұрындық болды. Онлайл режиміндегі дауыс беру қорытындысымен және арнайы комиссияның шешімімен қала мен аудандардан топ жарған 30 үздік дәрігер анықталды.

«Үздік дәрігер» естелік статуэткасына, дипломы мен 30 мың теңгелік арнайы сертификатына ие болғандар қатарында облыстық перинатальдық орталығы директорының орынбасары, акушер- гинеколог Асқар Кенжеғалиев, кардиологиялық орталығының дәрігер хирургі Шалхар Тасқалиев, балалар ауруханасы директорының орынбасары, дәрігер кардиолог Орындық Сиплова, жедел жәрдем бекетінің дәрігері Лаура Жанысбаева, облыстық аурухананың директоры, дәрігер нейрохирург Ербол Иманғалиев, Индер аудандық ауруханасының дәрігер хирургі Асланбек Ермұханов, Махамбет ауданындағы Сарайшық дәрігерлік амбулаториясының жалпы практикалық дәрігері Салтанат Ғабдуллина, Жылыой аудандық ауруханасы директорының орынбасары, дәрігер неонатолог Злиха Құлғазиева және басқалар бар.
Адам жанының арашашыларын ұлықтап, құрметтеуге арналған бұл шара медицина қызметкерлерін болашақтың тың табыстарына жігерлендіргендей болды.