Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына бүгін жариялаған «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды міндеттерді айқындап берді.
Президент болашаққа бағытталған байыпты бағдарлар қатарында денсаулық сақтау саласына да айрықша назар аударды.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр» деп, бұл бағытта, яғни елдің денсаулық сақтау саласында үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын аңғартты. Денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесі қайта қаралатын болғаны — қуантарлық жағдай. Соңғы кездері бірқатар реформалар, әсіресе медициналық әлеуметтік сақтандыруға байланысты өзгерістер елді әбігерге салып, біраз түсінбеушіліктерге әкелгені жасырын емес. Осы бағытта, ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару, мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалану керектігі де баса айтылды. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев басқа бағыттармен қатар медицина мәселесіне де кеңінен тоқталуы сала мамандарын жігерлендіріп, сенім жүгін еселеп отыр. Біз өз кезегімізде Жолдауда жүктелген міндеттерді қызу қуаттай отырып, ел дамуы мен қоғам игілігі жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз. Біз өз Президентімізбен біргеміз. Біз Мемлекет басшысының өзімізге артып отырған сеніміне селкеу түсірмей, қолымыздан келгенше оған қолдау, көмек беруге, сондай-ақ ұлт саулығын арттыру жолында аянбай еңбек етуге барымызды саламыз.
SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы
Момбекова Гүлмайра