«МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК ӘЛЕМДІ ТЕРБЕЙДІ»

«SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Ренессанс» қонақ үйінің мәжіліс залында ұйымдастырған шарасы осылай аталды. Оған әлеуметтік серіктестер – облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінің жетекшілері, кәсіподақ көшбасшылары, сала ардагерлері қатысты.

«Медицина кәсібі — адамгершіліктің асылы». Денсаулық – адам баласы үшін баға жетпес байлық. Бұл күн – құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі.

Қазақстан Республикасының Әнұранының шырқалумен басталған салтанатта ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова құттықтап, игі тілектерін жолдады. Кәсіби мерекеге орай халықтың алғысына бөленіп, зор абыройға ие болып жүрген бір топ адам жанының арашашысына Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Атырау қаласы әкімінің Алғыс хаттары, Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгісі табыс етілді.

Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов Атырау жоғары медициналық колледжінің директоры Лаура Құбаеваны, офтальмология ауруханасының бас мейірбикесі Гүлмайда Есмағамбетованы, Дамбы дәрігерлік амбулаториясы жанұялық денсаулық орталығының меңгерушісі Лора Оралбекованы, Махамбет аудандық ауруханасының дәрігер-рентгенологы Мұрат Нығыметовті, Таңдай дәрігерлік емханансының мейірбикесі Гүлфара Құбашеваны ардагерлер кеңесінің «Мейірімді жүрек» төсбелгісімен марапаттады.

Биыл су тасқынына байланысты аймақта жарияланған төтенше жағдайға орай, орта буын медицина қызметкерлері арасында өткізілуге жоспарланған «Үздік мейірбике-2024» байқауы кейінге шегеріліп, мамырдың 29-30 күндері өткізілген болатын.
Облыстық байқауға қатысушы үміткерлер 2-кезеңнен, 1-ші кезеңі тестілеу жүйесі және 2-ші кезең практикалық жұмыс бойынша өткізіліп, оған қала мен аудандардан барлығы 42 орта буын қызметкер қатысқан еді.

Осы кәсіби мерекеде байқаудың қорытындысы жарияланып, әділқазылар алқасының шешімімен «Үздік аурухана мейірбикесі», «Үздік акушер», «Үздік алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының мейірбикесі», «Үздік лаборант», «Үздік фельдшер» және «Үздік ауылдық мейірбике» аталымдары бойынша Альбина Асқарова (облыстық психикалық денсаулық орталығы), Жұлдыз Қалиева (облыстық перинатальдық орталығы), Ғазиза Тұрекешова (№1 Атырау қалалық емханасы), Гүлжанат Жақсымбетова (Исатай аудандық ауруханасы), Бибатыр Тынышжанов (№7 Атырау қалалық емханасы), Камила Темірова (облыстық адам иммун тапшылығы орталығы) жеңімпаз атанды. Оларға диплом мен 70 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Ал, байқаудық Бас жүлдесіне ие болған облыстық перинатальдық орталығының мейіргері Толқын Ахметова салалық кәсіподақтан Грузия еліне демалуға 200 мың теңге сыйлық берілді.

Салтанатты шара қонақтарына өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Күн демей, түн демей қажет кезде сырқаттар жанынан табылып, өмір сақтауға себепкер болып, үмітке үміт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен тағы да шын жүректен құттықтаймыз!