Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жауапкершілікті сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырды.
Еліміздің бірлігі мен тұтастығы – бәрінен маңызды! Тәуелсіздігіміз – баға жетпес байлығымыз!
Осыны нықтап жеткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін жариялады.
Президент бүгінгі үндеуінде ағымдағы жылы өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе — теңдік орнағандығын және Мемлекет «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанатындығын атап өтті.
Сондай-ақ, онда мәжіліс пен мәслихаттардың жаңа аралас жүйе бойынша жасақталатындығына, Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайтындығына және басқа да жағымды жаңалықтарға тоқтала келе, осы уақытқа дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Ата заңның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойылғандығы айтылды.
“Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады”,- дей отырып, Мемлекет басшысы сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беретінін айтты.
Еліміздегі барлық реформалар болашақ үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар болғандықтан, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстану — әрбір азамат үшін маңызды. Сондықтан, “Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік.
Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда.
Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!”,- деді Президент.
Ел боламыз десек, бір ауыздан Президентімізді қолдай отырып, оның жүргізіп отырған оң саяси реформаларына жанашырлық танытуымыз қажет деп ойлаймын.
Ел тағдырына бей-жай қарамай, халықтың жарқын болашағы мен кемел келешегінің биігі үшін баршамыз болып үлес қосамыз деген ойдамын.
SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы
Момбекова Гүлмайра Асанқызы