Бүгін Атырау облысы Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында «SENІМ» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шара осылай аталды. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мерекесіне айналған Ұлыстың ұлы күні Наурыз – бақтың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, халық қастерлейтін күнге айналды.
Ұлттық киім күнімен тұстас келген бұл шараның қонақтары – адам жаны үшін арпалысқан жандардың көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын, көпшілігі ақ халаттарын ұлттық нақыштағы киім үлгілеріне алмастырып, мереке шырайын келтіріп, маңызын одан сайын кеңейте түскендей. Бірқатар медицина мекемелерінің басшылары – әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ белсенділері, саланың қарапайым еңбеккерлері қатысқан салтанатты жиында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Серік Қадыров сөйлеп, әріптестерін Ұлық мереке – жыл басы Наурызбен құттықтап, игі тілектерін жолдады.
Денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлестерін қосып, әр науқастың өмірі үшін күні-түні аянбай қызмет еткен, қауіпті дертпен ауырған науқастармен тікелей қарым-қатынаста болған, сөйтіп, өмірлерін қатерге тігіп, қарусыз майданға шыққан Индер аудандық ауруханасының мейірбикесі Гүлбарам Карабалинаға, Исатай аудандық ауруханасының шаруашылық меңгерушісі Бағзи Неталиеваға, облыстық аурухананың мейірбикесі Қамқа Көптілеуоваға облыстық ардагерлер кеңесінің «Мейірімді жүрек» медалі табыс етілді.
Қызығы мен қиындығы қатар тұратын осы салада қайнаған істердің ортасында жүрген дәрігерлер, орта және кіші буын медицина қызметкерлері болса, солардың денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі, кәсіподақтың дамуына қосқан үлесі үшін облыстық перинаталдық орталығының дәрігер-неонатологы Арман Боранбаев, облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова, облыстық офтальмология ауруханасының дәрігер-аудиті, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнар Қанаева қоғамдық бірлестіктің «Үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, бір топ қызметкерге аталған бірлестіктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Олардың қатарында Махамбет аудандық ауруханасының мейірбикесі Ардақ Жиеналиева, облыстық қан ауруханасының лаборанты Тұрсын Жантілекова, облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-психиатр наркологы Наталья Соломина, кардиологиялық орталықтың мейірбикесі Наталья Сладкова және басқалар бар.
Мерекелік шарада Атырау облыстық филиалының жуырда өткен атқару кеңесінің хаттамасы негізінде емдеу-сауықтыру мекемелерінің 18 кәсіподақ мүшесіне құны 100.000 теңгенің қайырымдылық сертификаттары табысталды. Бұдан бөлек, облыстық филиалы кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында азық-түлік кәрзеңкесі үшін 33 қызметкерге құны 25.000 теңгенің сертификаттары табыс етілді
Мерекелік кеш қонақтарына Атырау жоғары медицина колледжінің студенттері мен саланың өнерлі жастары ән-күйден шашу арнады.