ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!

Күллі мұсылман қауымының мейрамы Ұлыстың ұлы күні – Наурызды көтерңікі көңіл-күймен қарсы алғандардың қатарында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі мен барлық салалық филиалдарыдың қызметкерлері де бар. Кәсіподақтар үйі ауласында тігілген он қанатты киіз үй мен дыбыс күшейткіш арқылы төңірекке тарап жатқан ұлттық нақыштағы музыка әуені, көшеден өткен көпшілік қауымға ыстық ықыласпен ұсынылып жатқан бауырсақ пен Наурыз көже, қыстан аман шығып, көгілдір көктемнің нұрлы шуағына бөленіп, бір-бірімен көріскен, арқа-жақа болысқан адамдар міне осының бәрі бүгінгі НАУРЫЗ мерекесінің мәртебесін одан ары асқақтатып тұрғандай.

​Бірлестік пен салалық кәсіподақтар филиалдарының бірлесіп ұйымдастырылған бұл мерекелік шарасына кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, сала көшбасшылары шақырылды. Әсем де көрікті безендірілген киіз үйде жайылған ұлттық тағамдарға толы дастархан басына жиналған қонақтарды Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев Наурыз мерекесімен құттықтады. Ол сала ардагерлеріне заманында аймақ жұмысшы-қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс берушімен арадағы ынтымақты өзара байланысты нығайтудағы жемісті жұмыстары үшін өз ризашылығын білдіріп, зор денсаулық, бақыт пен ұзақ та әдемі қарттық ғұмыр тіледі.

​Мұнан соң бірлестіктің салалық филиалдарының төрағалары, әр саланың ардагерлері мен зейнеткерлері сөйлеп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Қоян жылының қуаныштары мен табыстары, елімізге берер несібесі көп болсын» деген құттықтаулары мен игі тілек-баталарын арнады.

​Кәсіподақтар қозғалысының ардагері, республикалық «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевке арнайы мерекелік медальді табыс етті.

Шара қонақтарына өнерлі жастар ән шырқап, күмірлетіп күй шертті.