«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың да орын алатыны белгілі.
Бүгін облыстық Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстел кездесуі өтті. «Қазақстандағы зорлық-зомбылықсыз отбасы» атты дөңгелек үстелге денсаулық сақтау мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен сала белсенділері қатысты.
Дөңгелек үстел басындағы кездесуді шара модераторы – «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова сөз сөйлеп ашты. Ол кәсіподақтардың бастамасымен «Бірігіңіздер! Әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатудағы белсінділік» ұранымен республиканың барлық өңірлерінде өткізу туралы үндеу жарияланғанын қаперлеп, акцияның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталғандығын жеткізді.
Спикерлерден алғаш сөз алған Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Райса Айтжанова қазіргі қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық, әйелдер мен жасөспірімдердің құқығын қорғау сынды әлеуметтік мәселелер күн тәртібінде өткір тұрғанын жасырмады. Биылғы жылдың өткен 11 айында полицияның 103-жүйесіне отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 6939 хабарлама түскен. Осы уақыт аралығында «отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша 2074 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 73-1, 73-2 баптарына сәйкес, «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша – 264, «ұрып-соғу» бойынша 567 тұлға жауапкершілікке тартылған. Сотқа жолданған істер бойынша 504 тұлғаға қатысты ерекше талап шығарылған көрінеді.
«Мұнай-газ кешені, сервистік және басқа компаниялардың жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заңгер, қоғам белсендісі Салтанат Рахимова, Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының психологі Ақмарал Шарипова дөңгелек үстел басындағы әріптес құрбыларына зорлық-зомбылықтың туындау себептері, тұрмыстағы моралдық-психологиялық ахуалдың әсері мен әлеуметтік астары және алдын-алу жолдары туралы ойларын нақты мысалдармен әсерлі жеткізді.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Әйелге дөрекілік, ұрып-соғу, балаға күш көрсету, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Мұның өзі жәбірленуші тарапты өз-өзіне қол жұмсауға алып келуі де мүмкін. Осы және басқа жайттар Ұлттық медиация палатасының Атырау облысы бойынша медиаторы Марина Мұхтарованың әңгімесіне арқау болды. Ол өзінің заңгерлік өмір тәжірибесіне сүйене отырып, отбасындағы жанжалды, зорлық-зомбылық пен даулы мәселелерді ымыраға келу, татуласу арқылы шешуге медиацияның жиі көмегі тиетіндігіне тоқталды.
Дөңгелек үстел басындағы кездесуге қатысушы кәсіподақ мамандары өздерін толғандырып жүрген сауалдарына нақты жауап алды, көтерілген мәселеге қатысты ойларымен бөлісті.
Кездесуді қорытындылаған филиал төрағасы Майра Кашкенова «бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бұрынғы кездерге қарағанда өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Ол дұрыс емес. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деп анық жазылған. Ендеше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға психологиялық, құқықтық, медициналық, мәдени, педагогикалық, еңбек және экономикалық бағытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету – әрбір саналы да зиялы қауым өкілдерінің басты міндеті болуға тиіс».