ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ЖӘНЕ АТЫРАУ ОБЛЫСТАРЫ КӘСІПОДАҚ МАМАНДАРЫНА ОҚЫТУ СЕМИНАРЫН ӨТКІЗДІ

19 наурыз күні ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы мүшелік ұйымдардың кәсіподақ активтері үшін «Еңбек шартын тоқтату негіздері. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері және тәртібі» тақырыбында онлайн-семинар өтті.
Аталмыш шара «Құқықтық білім марафоны» жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Онлайн кездесуді ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Еңбек қатынастары бойынша сарапшысы, жоба үйлестірушісі- Есжанова Ляззат Айдарханқызы ашып беріп, сөз кезегін семинар лекторы, Кәсіподақтар федерациясының оқытушылар пулының мүшесі, Қызылорда облыстық Кәсіподақтар орталығының бас маманы-Боранбаева Майра Қадырбекқызына ұсынды.

Семинар барысында еңбек қатынастары, еңбек шарты жөнінде ақпарат беріліп, ҚР Еңбек кодексінің Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері баяндалған баптарына мейлінше тоқталып, түсіндірме ақпарат берілді. Семинар соңында сұрақ-жауап форматында қатысушылар лекторға өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Қазіргі экономикалық жағдайларда еңбек қатынастары мәселесі ерекше өзекті болып табылады. Еңбек қатынастарын реттейтін ережелер арасында еңбек шарты институты айрықша орын алады. Бұл институт құрамында – еңбек шартын тоқтату және бұзу ережелері маңызды рөлді иемденеді. Осылайша, аталған норма арқылы жұмыс беруші мен жұмыскердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қалыптастырады.
Еңбеккерлердің құқығын қорғайтын мүдделі ұйым ретінде Кәсіподақ ұйымдарының мамандары үшін аталмыш тақырыпты меңгерудің маңызы зор.

Білім марафоны 3 жыл қатарынан жүйелі және нәтижелі түрде жүзеге асуда, формат тиімділігі еліміздің әр түкпіріндегі мамандарды қамтып, құқықтық сауаттылығын арттыруға зор мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл шаралар жалғасын таппақ.