ӘРІПТЕСКЕ — МАРАПАТ

Денсаулық сақтау саласы жұмыскерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік мәселелерін шешу, жұмыс берушімен тығыз ынтымақты байланыс орнату, түрлі дау-дамайдың алдын алу мен оларды болдырмау, қызметкерлердің қауіпсіз еңбегін қамтамасыз етуде салалық кәсіподақтың ролі жоғары.

«Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова басқаратын салалық кәсіподақ аймақтың емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі бастауыш ұйымдарымен, жұмыс берушілермен өзара түсіністік жағдайында, ынтымақтаса жұмыс жасап келеді.

Соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің жалақылары едәуір өсті, әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты шаралар да алынуда. 2023-2025 жылдарға арналып қабылданған салалық Келісім мен Ұжымдық шарттарда заңнамалық талаптар сақталған. Салалық Келісімдегі еңбекақы мен еңбекті нормалау ретке келді, қызметкерлерге түзету коэффиценттері биыл тағы көтерілді, мерзімі өтіп, санаттары тоқтап қалған қызметкерлерге, сондай-ақ, демалыс және мереке күндері ақша төленуі жайы да заңға сай реттелуде. Сонымен қатар, кәсіподақтың бастамасымен ақылы еңбек демалысына шығатын мамандарға қосымша ақы төлеу, шипажайларға жолдама беру мәселелері де оң шешіліп жатқанын айтуға тиіспіз.

Ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелерге орай кәсіподақтың ұйтқы болуымен мәдени-көпшілік және спорттық шараларды ұйымдастыру дәстүрге айналды. Денсаулық сақтау саласында жұмыс жасайтын әріптестеріне моральдық-материалдық көмектер де кәсіподақтың есебінен жүзеге асырылып жүр. Бұл атқырылып жатқан шаруалар филиал жетекшісі Майра Тұрланқызының ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеті арқылы жүзеге асырылып жатқаны белгілі.

Жақында аталып өткен кәсіби мерекеде денсаулық сақтау ісінің үздігі, кәсіподақ көшбасшысы Майра Кашкенова облыстық мәслихаттың Алғыс хатына ие болды. Құтты болсын дей отырып, әріптесімізге мықты денсаулық, жемісті де абыройлы қызмет пен биік бедел тілейміз!