ӘРІПТЕСТЕРМЕН АШЫҚ ӘҢГІМЕ

Кеше «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Альмира Сабырғалиева аймақтың емдеу мекемелерінің бір топ жауапты мамандарымен бірге Жем өзеннің тасыған суынан зардап шеккен Құлсары қаласында болып, әріптестерінің бүгінгі жағдайымен танысып қайтты.

Филиал жетекшісі аудандық аурухана бөлімшелерін аралап, көктемгі тасқын кезінде тұрғын үйлерін су басқан сала мамандарымен кездесті. Осы кездесу барысында ол мамандарға заңдылық және ақпараттық тұстарын түсіндіріп, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Бүгінгі таңда аудан бойынша 143 медицина қызметкерінің баспанасы тасқыннан зардап шеккен. Оның ішінде үйлері құлап, жарамсыз күйге ұшырағандары да бар.

Облыстық филиал төрағасы Майра Тұрланқызы бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелеріне, соның ішінде көп балалы әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға және жартылай отбасыларға әлеуметтік қолдау мүмкіндігіне қарай көрсетілетіндігін де каперге берді.

Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде қызметкерлердің денсаулықтарын жақсарту үшін шипажайларға жолдама беру жайы да ойластырылатын болады.