Бүгін «Ренессанс Атырау» қонақ үйінің мәжіліс залында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының 2018-2023 жылдар кезеңіндегі қызметінің қорытындысы бойынша облыстық конференциясы болып өтті.
Оған облыстың емдеу-сауықтыру мекемелері бастауыш кәсіподақтар ұйымдарынан сайланған делегаттар және саланың әлеуметтік әріптестері – денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары қатысты.
Өткен бесжылдықтың басты жиынына Астанадан арнайы келген «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Серік Қадыров, сондай-ақ, облыстағы өзге де салалық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары қатысып, конференция жұмысына сәттіліктер тіледі.
Конференцияда делегаттардың дауыс беруі арқылы жиынның жұмысшы органдары мен құрамы бекітілді. Облыстық филиал төрағасы Майра Кашкенова әріптестері алдында салалық кәсіподақтың бес жылдық жұмысынан қорытынды есеп берді.
Төрағаның баяндамасында атап көрсетілгеніндей, 38 бастауыш кәсіподақ ұйымында 12 мыңдай мүшесін біріктірген қоғамдық бірлестік филиалы жергілікті атқарушы биліктің, республикалық салалық бірлестіктің қолдауымен, аймақтық кәсіподақтар орталығы және өңірдің медициналық мекемелері арасында шынайы әлеуметтік әріптестік құруға қол жеткізген. Осы уақыт аралығында жұмыскерлердің жалақысы, әлеуметтік кепілдіктері, қауіпсіз еңбек жағдайлар туралы өзекті мәселелер «SENIM» кәсіподағының әлеуметтік әріптестерімен келіссөздер тақырыбы болған.
Осындай бірлескен іс-қимыл мен өзара тығыз байланыс арқылы жұмыскерлердің еңбек құқықтары иен кепілдіктерін толық қамтамасыз етуге, еңбек заңнамасының нормаларын қатаң сақтауға, еңбек қатынастарын реттеудегі жауапкершілікті арттыруға, ұйымдық-қаржылық жұмысты жетілдіруге, кәсіподақтың рөлі мен беделін көтеруге және ұйым белсенділерінің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік туған.
Филиал төрағасы денсаулық сақтау қызметкерлерінің әлемді шарпыған пандемия індеті кезінде адам жаны үшін арашаға түскен ақ халатты абзал жандардың жанкешті ерлігіне тоқталып, республикалық қоғамдық бірлестік пен облыс әкімдіктің қолдауымен, салалық кәсіподақтың көпбасшыларының демеушілігімен тындырылған ауқымды шаруаларды нақты мысалдармен слайд арқылы көрнекі жеткізді. Баяндамада медицина қызметкерлерін, көп балалы және ерекше бала тәрбиелеуші отбасыларын, жас мамандарды, кәсіподақ белсенділерін қаржылай қолдау, сала үздіктері мен көшбасшыларын түрлі деңгейдегі марапаттарға ұсыну және сый-сияпат көрсетіп, ерен еңбектерімен көзге түскен кәсіподақ мүшелерін еліміздің шипажайларына тегін жолдама беру, ынталандыру жайы да қолға алынғандығын жеткізді.
Айта кету керек, салалық кәсіподақтың ұйымдастыруымен денсаулық сақшылары арасында дәстүрлі спорттық сайыстар мен өнер байқауларының тұрақты өткізіліп келе жатқандығына көпшілік куә болып та жүр.
Конференция делегаттары мен шақырылған қонақтар бастауыш ұйымдардағы кәсіподақ мүшелерінің жарналық қаржысының жиналуы мен сол жиналған қаражаттың қайда және қандай мақсаттарға жұмсалатындығына, сондай-ақ, болашақ ауқымды міндеттеріне де баяндамашы есебінен толық жауап алғандай болды.
Есепті баяндаманы талқылауға қатысқан делегаттар мен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов те облыстық филиалдың бесжылдық есебін мақұлдап, төрағаның қызметіне оң бағаларын берді.
Жиында филиал кеңесінің, бақылау-тексеру комиссиясы мүшелерінің жаңа құрамдары бекітілді. Қатысушылар филиал қызметінің 2023-2028 жылдарға арналған негізгі бағыттарын айқындап бекітті.
Конференцияда делегаттардың бірауыздан қолдап дауыс беру нәтижесінде алдағы бес жыл мерзімге «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы болып Майра Кашкенова қайтадан сайланды.
Жиында бір топ кәсіподақ белсендісіне Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаттары табыс етілді.