ТИІМДІ КЕЗДЕСУ БОЛДЫ

Жақында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының атқару комитетінің мүшелері, бастауыш кәсіподақ үйымдарының жетекшілері мен сала белсенділері Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсеновпен кездесті.

Әріптестерімен емен-жарқын әңгіме барысында астаналық кәсіподақ лидері сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен қауіпсіз еңбегіне, әлеуметтік әділеттілігін қамтамасыз етуге дәнекер, әрі атқарушы билік пен жұмыскерлердің арасында алтын көпірге айналған қоғамдық ұйымның алдындағы басты міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, Сапарбек Серікұлы емдеу-сауықтыру мекемелері ұжымдарында бастауыш ұйымның рөлін көтерудің, даулы мәселелерді заңдылықтар шеңберінде шешудің маңыздылығын да тілге тиек етті.

Кездесу барысында көтерілген мәселелерге байланысты «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова және атқару комитетінің мүшелері өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Кәсіподақ жетекшілері өздерін толғандырып жүрген кейбір сауалдарға нақты да тұшымды жауаптар алды.