ӨТКІНШІ ӨМІР-АЙ!

Кенеттен келген ажал елім деп соққан жүрегі бар ақжарқын, кең пейілді, ардақты азаматты ортамыздан алып кетті. Әттең-ай, десеңізші! Елі мен халқына, кейінгі ұрпаққа берер тәлім-тәжірибесі мол сыйлас әрі әріптес ағамыз Ізтұрған Ұзақбайұлы туралы өткен шақта сөз айтып, естелік жазу да оңай болмай отыр.

Халқымызда «аузын ашса көмекейі көрінеді» деген бір жақсы сөз бар. Кейінгі кезде өзгеге қамқоршы болған адамдар туралы айтқанда «аузын ашса жүрегі көрінеді» деп өзгертіліп айтылады. Бұл осы Ізтұрған Ұзақбайұлы сынды жандарға телініп айтылатындай. Иә, шынында да ол көптің аманатын арқалап, жоқ-жітікке қамқор қолын созған, әлсіз топтағы жандардың мұң-мұқтажын тыңдап ести білген жан еді.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметінде жүріп, өзінің тікелей міндетін атқарып қана қоймай, басқа да салалық кәсіподақтардың да жұмысына бақылау жасап, алға қойған мәселелердің орындалуында үнемі көмектесіп жүретін. 2020 жылы жаһанды жайлаған пандемия індеті кезінде өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастарға күні-түні қызмет еткен медицина қызметкерлеріне облыстық, қалалық әкімшіліктері, облыстық маслихат, басқа да шетелдік және отандық кәсіпорындары алдында денсаулық сақшыларына қолдау көрсетуде белсенділік танытты. Карантин уақытында Ізтұрған Ұзақбайұлымен бірге бірнеше рет карантиндік, провизорлық ауруханаларды аралап, медицина қызметкерлерін қажет заттармен, жабдықтармен қамтамасыз етуге күш жұмсады.

Қарапайым еңбеккерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаушы қоғамдық ұйым – өңір кәсіподақтарының көшбасшысы ретінде олардың қойған талаптарын жұмыс берушілер алдында көтеріп, орындалуына ұйтқы да болған-ды.

Еліміздің ірі мұнай компанияларында жоғары басшылық қызмет атқарған Ізтұрған Ұзақбайұлының кәсіподақ саласына жұмысқа ауысып келгеннен кейін көп ұзамай кезекті бір жиналыстың алдында айтқаны әңгімесі есіме түсіп отыр. «Мына кәсіподақтың жұмысы оңай ма десем, бұл өте қиын әрі күрделірек екен. Қарапайым еңбек адамының талабын, сұранысын жоғарыға жеткізу, оларды заңдылықтарға сай орындаттыра білу, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің арасындағы қарым-қатынасты сақтау – бұл үлкен өмір мектебі екен. Бұрын өзім де жұмыс беруші қатарында болдым. Сол кезде мен қызметкерлерге қатысты көп нәрсені білдім десем, ол олай болмай шықты. Тіпті жұмыс берушілердің біле бермейтін тұстары көп болып шықты. Сол жағын осы кәсіподаққа келіп түсініп жатырмын. Бұдан 20-25 жыл бұрын келгенімде мүмкін жұмыстар басқаша болар ма еді» деп ағынан жарылып еді, марқұм.

Бақұл болыңыз, әріптес аға! Жаныңыз жәннатта болғай!

«Senim» Денсаулық сақтау
жүйесі жұмыскерлерінің
салалық кәсіподағы РҚБ
Атырау облысы филиалы
төрағасы

Кашкенова Майра