ВОЛЕЙБОЛШЫЛАР САЙЫСЫ

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы сала қызметкерлерінің денсаулықтарын нығайтуға, спортпен шұғылдануына ерекше назар аударып келеді. Денсаулық сақшыларының қатысымен спорт түрлерінен бұқаралық шаралар – спартакиадалар, жарыстар мен турнирлер жоспарлы ұйымдастырылып тұрады.

Кеше Атырауда 7 мамырда аталып өтілетін Отан қорғаушылар күніне орай волейболдан ерлер арасындағы турнир мәреге жетті. Бұл сайысқа еліміздің батыс өңірінен – Атыраудан –3, Оралдан – 2 және Ақтөбе мен Маңғыстаудан бір-бірден, барлығы жеті команда қатысып, жүлделерді сарапқа салды.

Тартысқа толы бәсекелерде қай команда да аянып қалмады. Денсаулық сақшылары алаңда комбинациялы ойын өрнегін көрсетуге тырысты. Турнирді сәтті бастаған Атырау облыстық №1 құрама командасы ақтық сында да шеберліктерін танытты. Олар оралдық әріптестерін тізе бүктіріп, турнирдің жеңімпазы атанды. Жүлделі екінші және үшінші орындар Орал мен Ақтөбе қаласынан келген құрама командалардың еншісіне бұйырды.

Жарыстың жабылу салтанатында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова адам жаны үшін арашаға түсіп жүрген әріптестеріне мықты денсаулық, отбасыларына бақыт пен береке-бірлік, спорттық бәсекелерде сәттіліктер тіледі. Ол турнир жеңімпазы атанған Атырау облысының №1 құрама командасына кәсіподақтан тағайындалған 250 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Жүлдегер болған оралдықтар – 150 мың, Ақтөбе командасы 100 мың теңгеге қол жеткізді. Олар арнайы кубоктарға ие болды.

Сонымен қатар, әр командадан үздік танылған жекелеген ойыншыларға салалық кәсіподақтың көтермелеу сыйлықтары, естелік медальдары мен Алғыс хаттары табысталды.

Турнирге қатысушы командалардың бас қосу жиынында ойыншылар болашақта аталған спорттық сайысты республикалық салалық кәсіподақ деңгейінде өткізу жөнінде орынды ұсыныстарын білдірді.